Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Төтенше жағдай кезінде мүгедек жандарға қандай қолдау көрсетілді

2022 жылдың 20 қаңтар 2022 16:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде төтенше жағдай кезінде мүгедек жандарға қандай көмек көрсетілді? Және олар мемлекеттік қызмет пен жәрдемақыны уақытылы алды ма? Мән-жайға қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты біздің министрлік 2021 жылғы 5 желтоқсаннан бастап 2022 жылғы 19 қаңтарға дейінгі кезеңде мүгедектікті қайта куәландыру мерзімі басталған азаматтар үшін мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақыларды төлеу автоматты түрде ұзартылды. Аталған шара 11 411 мүгедектігі бар адамды қамтиды. Сондай-ақ, төлемдерді ұзарту мүгедек балаларға және I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын 3 089 адамды қамтып отыр», - деді министрлікке қарасты Еңбек комитеті басқармасының басшысы Әнел Шенеева.

Оның айтуынша, елімізде кәмелет жасына толмаған мүгедек балалардың күтімі бойынша 373 адам жәрдемақы алады.

І топ мүгедегі Нұрлан Сыздықов елдегі төтенше жағдайға қарамастан мемлекеттік жәрдемақы уақытылы берілгенін айтып отыр.

«Жәрдемақы өз уақытында, кешікпей беріліп жатыр. Оның үстіне әлеуметтік қызмет порталы іске қосылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін портал өте ыңғайлы әрі тез. Қызметті үйден шықпай-ақ алуға болады. Керек құрал-жабдықты интернет арқылы тапсырыс беруге болады. Порталда барлық қызмет түрі көрсетілген», - дейді ол.




Сондай-ақ, ол әлеуметтік порталда инватакси қызметі болса деген ұсынысын жеткізді. Себебі жүріп-тұруында қиындығы бар жандар үшін кәдімгі такси ыңғайсыз, ал қоғамдық көлікке мініп-түсу қиын.

Одан бөлек, мүгедек жандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдауға қатысты Ғалия Смаилова да өз ойын ортаға салды.

«Жәрдемақы алуға құжатты әлеуметтік қызметтер порталы арқылы рәсімдедім. Жәрдемақы уақытылы түсті. Портал арқылы емдеу, сауықтыру орталықтарына жолдама алуға болады. Менің жағдайымда шипажайдан бұрын, ол жақтың ауа райының қандай екені маңызды. Өйткені, денсаулығым ауа райының өзгеруімен байланысты. 14 жыл бойы арнайы дәрі-дәрмек ішіп келемін. Бірақ мен ішетін дәрілер әлеуметтік қолдау аясында берілмейді. Өзім сатып аламын», - деді ІІ топ мүгедегі.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, елдегі төтенше жағдай кезінде әлеуметтік қызметтер порталы кедергісіз жұмыс істеп тұрды.

Аталған порталда арнаулы қызметтер көрсететін 792 әлеуметтік-медициналық мекеме тіркелген. Сонымен қатар оңалтуға арналған техникалық құралдарды жеткізетін – 164 компания, 15 мыңнан астам жеке көмекші, ымдау тілі қызметін көрсететін 262 маман, 67 санаторлық-курорттық емдеуді және 135 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізуші бар.

Айта кетсек, 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 5 санын басу арқылы порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады.


Жоғары қарай