Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Төтенше жағдайлар комитеті су басу қаупі бар өңірлерді атады

2020 жылдың 20 наурыз 2020 22:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында су тасқыны қаупі сақталып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемгі су тасқыны кезінде 309 елді мекенді су басу қаупі бар. Су тасқыны салдарын азайту мақсатында еліміз өңірлеріндегі азаматтық қорғау органдары тасқынға қарсы іс-шараларды жүргізіп жатыр. Мәселен, Ақмола облысында өткен екі тәулік ішінде облыстық ТЖД Целиноград және Аршалы аудандарына қосымша күштер мен құралдар, атап айтқанда жеке құрамнан 77 адам және 5 бірлік техника, 2 мотопомпа, 2 жүзу құралын жіберді. Қалыптасқан колонналар тасқын суының өтуі қиындаған кезде апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге бағытталды», - деп хабарлайды ТЖК-дан.

Комитеттің хабарлауынша, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзендерінде жазық өзендерде мұз өткелінің өтуін қамтамасыз ету және мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында мұз жару жұмыстары жүргізілген. Шығыс Қазақстанда су тасқыны жағдайына аэровизуалды тексеру жүргізіліп, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қажетті шаралар пысықталған. Ал Павлодар облысы аумағында елді мекендер мен жолдарға қауіп-қатерді азайтуға бағытталған алдын алу іс-шаралары өткізілген. Екі күн ішінде 7 мың тонна қар шығарылып, ол жұмысқа 345 бірлік техника жұмылдырылған.

«Жалпы, бүгінгі күні еліміз өңірлерінде 11 мың шақырым арықтар мен арналарды тазалау жұмыстары жүргізілді. 13 миллион текше метр қар шығарылды, автомобиль жолдарында 17 мыңнан астам су өткізу арнасы мен теміржолдарда 5 мыңнан астам су өткізу арнасы тазартылды. 165 шақырым қорғаныс бөгеттері жөнделіп, су тасқыны қаупі бар өзендердің иірілген 400 шақырым арнасын түзеу жүргізілді, 160 шақырым су бұру арналары орнатылды», - деп хабарлайды комитеттен.

Сонымен қатар, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарының өзендерінде 111 мұз қопсыту жұмыстары жүргізілген.

«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес Ақмола және Қарағанды облыстарының өзендері бассейндерінде су қорының көлемі 5-15 пайызға, Қостанай өзендері бассейндерінде 5-55 пайызға азайды. Солтүстік Қазақстанда бұл ретте елеулі өзгеріс байқалмайды.

«Тасқын суларды қабылдау үшін Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының су қоймаларында толымдылық деңгейі және бос көлемдер құру Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің тұрақты бақылауында», - деп хабарлайды ТЖК баспасөз қызметінен.


Жоғары қарай