Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Туған жерге тағзым: 48 үй ғана қалған ауыл тұрғындары ортақ іске 8,5 млн теңге жинады

2021 жылдың 24 тамыз 2021 20:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанның шекарасында жатқан Катонқарағай ауданындағы Қабырға ауылының тұрғындары туған мекенін дамытуға өз күштерімен кірісіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында Қабырға атты ауыл бар. Ел тәуелсіздік алып, кеңшарлар ыдыраған кезде 80-нен астам үйі бар, малға бай ауылдардың бірі болған. Шекаралық ауданның халқы түп қотарылып, қалаға көшкен кезде бұл жерден де ондаған үй солардың ізінен ерген екен. Қазір бар-жоғы 48 үй, 180 адам қалған. Екі жыл бұрын осы ауылды БАҚ-та «келешегі жоқ» ауыл ретінде көрсеткені Қабырғадан түлеп ұшқан біраз азаматтың намысына тисе керек. Бір тобы бас қосып, жұртта қалған ауылдастарының еңсесін өз күштерімен көтеру керек деген шешімге келеді.




Сол уәдеде тұрған бастамашыл топ Қабырғадан түлеп ұшқан көзі тірі азаматтардың бәріне қолқа салып, ортақ шотқа 8,5 млн теңгеден астам қаражат жинапты. Бұл қаражат ауылдың игілігіне жұмсалмақ. Мысалы, осы жолы кіре беріске еңселі арка орнатылып, бейіттері қоршалған.




«Былтыр біздің ауылға бір топ журналист келіп, телеарнаға түсірді. Сонда біздің ауыл келешегі жоқ елді мекендер тізіміне жатқызылғаны туралы айтты. Бұған халқымыз намыстанып, өз күштерімен жұмыс істеуге кірісті. Басында әртүрлі ойлар айтылды. Мысалы, мешіт салу керек пе деген сұрақ тұрды. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, қазір осы Катонқарағай ауданындағы ауылдарда салынған мешіттер бос тұр. Сондықтан басқа іс бастауды жөн көрдік. Алдымен ауылдың айнасы – арка тұрғызып, зиратты қоршауды ойладық. Мына арканы жасатудан бастап осы дайын қалпына дейінгі аралықта төрт миллион теңге қаражат кетті. Арка түнде жанып тұрады. Электр желісі ауыл көшесінің шамына қосылған. Үлкен жолдың бойына орнатуға «ҚазАвтоЖолдың» рұқсаты алынып, арнайы стандартпен жасалды. Бұл жұмысқа бас-аяғы бір жарым айдың ішінде сегіз жарым миллион теңге жиналды. Оның сыртында біреуі тай, екіншісі қой берді. Оқушы балаларға дейін 10 мың теңгеден қосты. Біз танымайтын, бұрын көшіп кеткен адамдардың балалары да ақша жіберіп жатты.




Қосылғандардың алды 500 мың теңге берді. Осы орайда ең бірінші ортаға идея тастап, ақшасын салған Руслан деген азаматымыз екенін ерекше айта кетейін. Спорттық іс-шараларды, нақты айтсақ, бәйге мен волейболды да сол жігіт ұйымдастыруға бас болып отыр. Мұның бәрі ел намысының қайралуынан атқарылып жатқан жұмыс. WhatsApp-та ашылған топта ауылға жылына бір шара өткізіп тұруға мақұлдастық. Келесі жылы балалар ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз», - дейді «Туған жерге тағзым» акциясын ұйымдастырушылардың бірі, ауыл тұрғыны Әзиз Мерғазин.


























Жоғары қарай