Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

«Тұлпар мекені» аталған Моңғолкүре - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

2019 жылдың 8 маусым 2019 11:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Тибет үстірті әлемдегі ең жақсы жер - «Жэньминь жибао» (People Daily)



null

Қытай ғылым академиясы мамандарының бағалауынша, Цинхай-Сикан-Тибет таулы қыраты әлемдегі экологиялық жағдайы ең жақсы өңірлердің бірі болып саналған, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.



null

«Тибет үстіртінің түрлі экологиялық жүйесінің табиғи біртұтастығы сақталып, ауа, су, топырақ экологиясы бөлінбеген. Қазіргі күні Тибет автономиялық өлкесінде 47 әртүрлі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар. 2001 жылдан бері мемлекет мұндай ерекше қорғау режимi белгiленген мемлекеттiк табиғи-қорықтар мен табиғи кешендерді қорғауға 32 млрд юаньға жуық ақша бөлген», - деп жазады басылым.



null

Мәліметке қарағанда, Цинхай-Сикан-Тибет таулы қыраты - Жер шарындағы ең биік және аумақты таулы қырат. Жер аумағы 2 млн шаршы км. Орташа биіктігі 4000 - 5000 м, көптеген жоталардың биіктігі 6000 - 7000 м жетеді. «Тибеттің тарихи астанасы Лахасада Тибет буддистерінің қасиетті орталығы Потала және Норбулингка сарайлары орналасқан», - деп жазады «Жэньминь жибао» сайты.

«Асыл мұра» компаниясының өнімдерін Ұлыбританиялықтар сатып алады - KAZNEWS



null

Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталында ұлттық қолөнер кәсібімен нарықтан өз орнын сәтті тапқан, белгілі кәсіпкер - «Асыл мұра» компаниясының негізін қалаушы Гүлмайра Әкімқызымен болған сұхбат жарық көрді.



null

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Гүлмайра Әкімқызы 2004 жылы Чой Лувсанжав атындағы Лингвистика институтынан мәдениеттанушы мамандығын игерген. 2013 жылы Моңғолияның Ғылыми технологиялық университетінен дизайн-жобалаушы магистрі дәрежесін алған. Оның өнерге деген талпынысы мен таланты қолөнерді кәсіп етіп, қазақ халқының ұлттық мұрасын Моңғолия елі мен шетелдерге танытуына және әлем жұртына өз өнімдерін саудалайтын компания құруына жол ашқан.

«Студент кезімде арт-дүкендер арқылы туристерге ескі түскиіз сатып жүрдім. Ескі түскиіз азайған соң, жаңасын неге тігіп сатпасқа деген ой келді. Содан бастап тура осы кәсіпті қолға алдым. 2007 жылы сұраныстың артуына орай жұмысшылар санын көбейтіп, «Асыл мұра» компаниясын жолдасым екеуіміз құрдық. Қазір тігін өндірісімізде Налайх қаласында 32 жұмысшы, Баян-өлгейде 22 кестеші жұмыс істейді. Сонымен бірге 80-ге жуық кестешімен келісімшарт арқылы бірлесе жұмыс атқарудамыз. Өнімнің жетпіс пайызын тапсырыспен жасаймыз. Ұлыбританиялық әріптестеріміз бар. Қырық пайызын солар алады. Одан кейінгісін ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районындағы компанияға өткіземіз. Еліміздегі ең үлкен сауда желісі «Номин» супермаркеттерінде, Баян-Өлгейде Памукалле ғимаратының екінші қабатында өнімдеріміз сатылады. Өндірістің басты қозғалтқышы - өнім сатып алушылар. Солардың арқасында жетістікке қол жеткізудеміз», - дейді Гүлмайра Әкімқызы.



null

Кәсіпкер KAZNEWS ақпараттық порталына берген сұхбатында болашақ жоспарларымен де бөліскен.

«Қолөнершілер орталығын туған жерімде ашпақпын. Жерді алып қойдым, енді инфрақұрылымдардан бастап іске қосуым қажет. Қазір туристер үшін ғана өнім өндірсек, келешекте Қазақстанға экспортталатын эксклюзив, сапалы заттарды шығару мақсатымыз бар. Басты арманым алдағы 3-5 жылда халықаралық дәрежедегі 500 әйел жұмыс жасайтын кәсіпорын ашу, өндірістер желісін құру. Келешекте «Асыл мұра»-дан қалған зат деп айтатындай жеке қолтаңбасы бар өнімдер шығарсам деймін. Ұланбатырда тұратындықтан көбінде моңғол тіліндегі кітаптарды оқуға тура келеді. Өзім ғана оқып үйренбей, жұмысшыларды да оқытуға назар аударамын. Швейцарияның курстық оқыту және Жапонияның моңғол-жапон бизнес орталықтарымен бірлесе жұмыс істейміз», - дейді ол.

Гүлмайра Әкімқызы аталған сұхбатында адамдар еңбекшіл, талапты болса ойлаған арманын орындай алатынын және әйелдердің бизнеспен айналысуы әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне жол ашатынын айтады.



null

«Қытай ғұламасы Конфуций «Дүниеде екі адам болады. Біреуі басқарушы, екіншісі - жұмысшы» деген. Ол әйел, еркек демеген. Еңбекшіл адамға ғана басқалар құрметпен қарайтын болады. Жетістік оңай келмейді. Сондықтан әлеуметтік мәселелерді шешу үшін әйелдер бизнеске көптеп келуі қажет деп ойлаймын. Бірақ әйел, ер адам деп бөлгім келмейді. Дайын зат сатудан өндіріс бастаудың маңызы қоғамда өте зор. Өндіріс дамымай, ел дамымайды. Салық төлеу, адамдарға жұмыс тауып беру арқылы біз ақша өндіретін боламыз», - дейді.

«Тұлпар мекені» аталған Моңғолкүре - «Орталық халық радиосы» (CNR)



null

Қытай мемлекеті «Тұлпар мекені» деп таныған Іле Қазақ автономиялы облысының Моңғолкүре ауданының жылқы мәдениетінің тарихы ұзақ, тамыры тереңде, деп жазады қытайлық kazakcnr.com сайты.

«Іле жылқысы тарихта Қытайдың хан династиясы мен Үйсін мемлекеті тұсында атты әскерлердің сенімді серігі саналып, даңқы шыққан. Тарихтан бері текті тұлпарымен атағы алысқа жеткен Моңғолкүренің жылқы мәдениетінің тарихы ұзақ, тамыры тереңде. Іле жылқысын өсіру орталығы саналатын бұл ауданда 100 мың жылқы бар, мұның 90 пайызы Іле жылқысы. Бұл, Шынжаңдағы Іле жылқысының 60 пайызын құрайды. Сондықтан Моңғолкүре бүкіл Қытай елі бойынша жылқы саны ең көп, жылқы сапасы ең жақсы аудан есептеледі», - деп жазады сайт.



null

Ақпаратқа қарағанда, Қытай ауыл шаруашылығы министрлігі 2003 жылы Моңғолкүре ауданына «Қытайдың тұлпар мекені» деген атақ берген.



null

«Іле өңірінің қоңыржай климаты, таулы, адырлы алқабы, шұрайлы жайылымы жылқы өсіруге ерекше қолайлы. Моңғолкүре ауданының тұлпарлары мемлекет, өлке дәрежелі ат спорты бәсекесінде 150 медаль алып, алдыңғы орынға шыққан. Ал Іле жылқысы мемлекет бойынша ат спорты жарыстарына қатысатын жылқылардың 70 пайызға жуығын иелеген», - делінген қытайлық БАҚ-та.

Қазақстандық ұшақты Муглада «Судан алқа» рәсімімен күтіп алды - TRT



null

Қазақстаннан түңғыш рет Муглаға жолаушылар ұшағы келіп қонды. Бұл оқиғаға арналып судан жасалған алқа рәсімі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия мекемесінің ресми порталы.

«Алматы қаласынан алғашқы туристер тобын тасымалдаған жолаушы ұшағын Милас-Бодрум әуежайында өрт сөндіру көліктері «Судан алқа» рәсімімен күтіп алды. Ұшақтан түскен 189 жолаушыға әуежайда күтіп алушылар гүл ұсынды, ұшқыш пен экипажға арналып торт берілді. Милас-Бодрум әуежайының басшысы Ижлал Каяоғлұ мәлімдеме жасап, «Эйр Астананы» Алматы мен Мугла арасындағы өзара ұшақ рейсі сенбі және сәрсенбі күндері қатынайтынын айтты», - деп жазады TRT.

Баскетболдан Қытай құрамасына Шыңжаңдық екі ойыншы қабылданды - «Жэньминь жибао» (People Daily)



null

Қытай баскетбол қоғамы топтық жаттығуға қатысатын ерлер құрамасы мүшелерінің жаңа тізімін жариялады. Олардың қатарында Шыңжаңдық екі ойыншы бар, деп жазады kazakh.people.com.cn сайты.



null

«Баскетболдан Қытай құрамасының жаңа мүшелерінің қатарына Шыңжаң өлкесінен Қыранбек Бекен мен Абдысалам Әбдрешит қабылданды. Шыңжаң өлкесі Баскетбол құрамасының капитаны Қыранбек Бекен мен екі жылдан бері мемлекеттік құрамада ойнап жүрген Абдысалам Әбдрешит осы уақытқа дейін түрлі жарыстарға қатысып, өздерінің білікті, шебер ойыншы екендерін дәлелдеген. А.Әбдрешит асқан шеберлігімен 2018 жылғы Азия чемпионатында Қытай құрамасының жеңіске жетуіне септігін тигізген. Қазіргі күні Ұлттық құрамаға 20 ойыншы таңдалып алынған. Бұл құрама Қытайда өтетін баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионатына және 2020 жылғы олимпиада ойындарына дайындалу үшін құрылған», - деп жазады «Жэньминь жибао» сайты.



null

Оқушы қыздар киімінің етегі тізеден төмен болады -«ӨзА» ақпараттық агенттігі



null

2019-2020 оқу жылынан бастап Өзбекстанда мемлекеттік жалпы орта білім беру мекемелерінде заманауи мектеп формасын енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Алдағы уақытта бүкіл республика бойынша барлық оқушылар бірдей киінетін болады. Киім өте тар немесе өте кең пішімде болмайды. Мемлекеттік стандартқа сай, оқушы қыздардың киімі тізеден 5-15 см төмен болады», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Ал оқушы балалардың шалбары тобықтан төмен, аяқ киімінің өкшесі 3 см аспайтындай етіп жасалады.



null

«Заманауи жаңа мектеп киімінің матасы, оқушылардың жасына қарай, санитария талаптарына, нормаға сай және гигиеналық талаптарға да байланысты толықтай сәйкес келетін етіп жасалады», делінген.

Иранның таңғажайып тарихи ауылы - Мейманд - «Фарс» ақпарат агенттігі



null

Мейманд ауылы - Иранның тарихи ауылдарының бірі. Ол Керман облысында Бабак қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.



null

«Қолда бар деректерге сәйкес, жартастардың ортасында ойылып салынған бұл таңғажайып ауылдың 2-3 мың жылдық тарихы бар. Мейманд ауылындағы бір немесе бірнеше бөлме мен қорадан тұратын үй «кидже» деп аталады», - деп жазады parstoday.




null


null

Жоғары қарай