Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тұмау мен коронавирус бір уақытта жұғуы мүмкін – инфекционист-дәрігер

2021 жылдың 13 қазан 2021 10:45

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Теориялық тұрғыдан тұмау мен коронавирусты бір уақытта жұқтыруға болады, уақытылы емделіп оның алдын алмаса салдары ауыр болмақ. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматыдағы №4 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері Шолпан Әуелбекова айтты.

Шолпан Әуелбекованың айтуынша, Алматыда маусымдық тұмауға қатысты ахуал тұрақты. Бүгінгі күні тұмаудың ауыр түрімен сырқаттанған науқастар тіркелген жоқ.

«Біз маусымдық тұмауға дайынбыз. Жыл сайын эпидемиологиялық шаралар жүргізіледі. Тұмау мен ЖРВИ -дің алдын алу бағыттарының бірі – халықтың белгілі бір санатын қамтитын вакцинация. Тұмауға қарсы дәрі-дәрмектер де жеткілікті», - дейді дәрігер.

Спикердің сөзінше, егер коронавирус пен тұмау бір уақытта жұқса, оның салдары ауыр болуы мүмкін.

«Коронавирус механизмінде иммундық жүйенің бұзылуынан мультиваскулярлы синдром пайда болады. Бұл инфекциялардың комбинациясы науқастың жағдайын нашарлатуы мүмкін», - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, ол коронавирус инфекциясын тұмаудан ажырата алу өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені бұл ауруларды емдеу әдісі әртүрлі.

«Тұмау әдетте желтоқсан-ақпан айларында өршиді. Тұмау да, коронавирус та жіті жұқпалы аурулар. Бастапқы кезеңде екеуінің белгілері ұқсас келеді. Сондай-ақ вирустардың екеуі де ауа-тамшы жолы және тұрмыстық байланыс арқылы жұғады. Алайда, коронавирус қарапайым тұмауға қарағанда – ауыр. Бұл індеттің асқыну пайызы жоғары», - дейді инфекционист.

Сөз соңында дәрігер барлық санитарлық шараларды сақтауды ұсынды.

«Маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Қолды жиі жуып, антисептик қолдануды тоқтатпаған жөн. Ең бастысы, вакцина алу керек. Бұл – аурудың алдын алудың бірден бір жолы», - деп қорытындылады дәрігер.


Жоғары қарай