Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан қаласы болашақта қалай өзгереді

2019 жылдың 26 қараша 2019 23:50

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде облыс орталығында халық саны 170 мыңға жеткен. Алдағы бес жылдықта бұл көрсеткіш екі есеге дейін ұлғайып, халық саны 350 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр.

Ал, киелі шаһарда туристерді таңқалдыру мақсатында тың жобаларды қолға алу қарастырылуда екен. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында ерекше жоба жасалмақ. «2050 жылы Түркістан қаласы әлемдегі 3 қалаға ұқсауы керек дедік. Олар Ыстанбұл, Иерусалим, Рим қалалары. Осы үш қаланың біреуіне теңестіруіміз керек. Ол үшін қанша инфрақұрылым керек, қанша жұмыс атқарылуы қажет. Білімімізді көтеріп, көп дайындықтар жүргізуіміз қажет. Қанша демалатын орында пайда болуы керек. Американың танымал әрі сәулет жағынан өте мықты компаниясымен келісімге келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңынан үлкен жобалар жасап жатыр. Сіздерге шет жағасын айтайын, алдағы уақытта кесенеге қайықпен қатынау жолдары салынады», – деді Рашид Аюпов.

Шаһар басшысы сонымен қатар, БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділерін толғандырған сұрақтарға жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жоғары қарай