Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Түркістан қаласының сәулетін дүрбімен тамашалауға болады

2021 жылдың 9 желтоқсан 2021 21:23

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат-Түркістан қаласындағы жаңа мұнара қала жұртшылығы мен қонақтары үшін ерекше орынға айналғалы тұр. Бұрынғы су мұнарасы жаңартылып, айналасы абаттандырылып, туристерді қабылдайтын орынға айналды - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа демалыс аумағында болып, онда атқарылған жұмыстармен танысты. Мұнара жаңартылған соң оның ең төбесіне шығып, арнайы дүрбі арқылы Түркістанды тамашалауға болады. Шаһардың көрікті келбетін, әсіресе Ясауи кесенесін биіктен көруге арналған алаңы бар. Сонымен қатар жан-жағы абаттандырылып, әдемі аллеяға айналып келеді. 1901 жылы салынған тарихи мұнара жаңаша кейіпке енді.





Облыс әкімі қаладағы бірқатар жаңа саябақтардың жобаларымен танысты. Жалпы аумағы 25 гектардан асатын «Төле би», «Тұран» саябақтары жаңартылып, демалыс аймақтарының қатары көбеймек. Мұнда 20 мыңға жуық жасыл желек егіледі. Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау тас жолының бойындағы көгалдандыру барысын бақылады. Егілген ағаштар арнайы қоршалған.
Өмірзақ Шөкеев «Тұңғыш Президент» саябағын аралап, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жан-жағын абаттандыру, инфрақұрылымын жетілдіру, туристік әлеуетін көтеру жолындағы атқарылған істермен танысты. Бүгінде жоба толық жүзеге асуға жақын тұр. Су жүйесі жетілдіріліп, кесенеге жақын тұстан ботаникалық бақ өсіп келеді. Декоративті және жемісті ағаштар отырғызылған. Шие, алма, тұт, қарағай және өзге де ағаштар, сан түрлі гүлдер егілген.





Жоғары қарай