Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркістан маңында 63 млрд теңгенің  инвестициялық жобасы жүзеге асырылады

2020 жылдың 3 маусым 2020 15:21

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласының аумағында «Азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында іске асып жатқан жобалармен» танысты. Қалада «Азық-түлік белдеуі» қалыптастырылатынын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңбырлатып суару әдісін ендіруге бел буған шаруашылықтардың бірі «Ынтымақ агро XXI» ЖШС-і 782 га жерге бидай мен жүгері егуді қолға алған. Шаруалармен кездескен өңір басшысы мұндағы жас мамандарды жұмысқа тартып, жаңа жобаны жүзеге асырып жатқандардың беталысына оң бағасын берді.

«Түркістанның айналасына каналдар қазылып, су келді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары көбейгені қуантады. Аптап ыстықта ырысын қара жерден іздеген шаруалар мезгілі жеткенде бейнетінің зейнетін көреді. Жаппай жүргізілген «Жасыл белдеу» шаңды жел мен дауылдан қорғану үшін табиғи тосқауыл ретінде жасалуда. Жасыл желекке бөленіп, қаладағы ауаны тазартып, климатты жұмсартады», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан даласына ағын су келіп, кең алқаптардың арнасы кеңігелі бері тұрғындар жерді тиімді пайдалануға көшкен. Мұндай ілкімді іске көрші өңірлер де қызығушылық танытып отыр.

Облыс әкімімен кездескен шаруалар жаңбырлатып суару тәсілінің артықшылықтарын түсініп, қыр-сырымен танысуға Жамбыл облысының сала мамандарының арнайы келгенін жеткізді. Бұл өз кезегінде жаңа технологияның тиімділігін пайдаланып, нәсібін кәсіптен тауып жүрген шаруалар қатарының көбеюіне ықпал етіп отыр. Ал, «SPK-SAURAN» АШӨК жаңбырлатып суару технологиясын 650 га жерге ендіріп, 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуды қолға алған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жергілікті шаруалар ауыл шаруашылығы кооперативін құруда. Олар арық қазып, су әкелудің тиімсіз екенін түсініп, АҚШ-тан жаңбырлатып суару қондырғысын алдыртып жатыр. Арыс – Түркістан каналы арқылы су бірнеше жүйемен келеді. Үлкен бассейн салынып, қондырғыларға құбыр арқылы су құйылып тұрады. Осылайша агрономдар суды үш есеге үнемдейді. Техниканың құнының 50%-ын мемлекет субсидия ретінде төлеп береді. Мыңдаған гектар алқап сусыз қуарып, осы уақытқа дейін бос жатқан жерлерді қайта жандануынан Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуі құрылды.

Кешенді жоспар бойынша қала маңында 63 млрд теңгенің 7 ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.


Жоғары қарай