Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркістан облысы ауруханаларында 9 мың төсек-орынның 25 пайызы бос тұр

2020 жылдың 1 шілде 2020 14:01

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы ауруханаларда 9 мың төсек-орынның 25 пайызы бос тұр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Facebook желісіндегі тікелей эфирде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірдегі провизорлық орындардың 15 пайызына науқастарды қабылдауға болады. Ал, Түркістан облысындағы 300 провизорлық орын көмек ретінде Шымкент қаласындағы науқастарға берілген.

«Өңірдегі 124 жедел жәрдем көлігінің 85-і ӨЖЖ аппараттарымен қамтылып отыр. Ал, жалпы ауруханаларда 178 ӨЖЖ аппараты бар. Бұдан бөлек, 10 компьютерлік томография жұмыс істеп тұр. Облыс орталығында 440 провизорлық орын бар. Коронавирус індеті анықталған науқастар Кентау қаласына 80 орындық инфекциялық ауруханаға жатқызылуда. Түркістан облысында бүгінгі таңда 1974 адам пневмония дертіне шалдыққан, оның 1677-сі орта деңгейде», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Сәкен Қалқаманов сонымен қатар тікелей эфир кезінде тұрғындарды мазалаған сауалдарға жауаптар берді.

«Ауруханаларда орын жоқ, дәрі-дәрмек тапшы деген мәселе туындаса, 109 call-орталығына қоңырау шалып, нақты жауап алуға болады. Облыста дәрі қоры күнделікті толықтырылып отырады. Дәрі тапшылығы тұрғындардың жаппай дәрі-дәрмекті көптеп сатып алып жатқанынан туындап жатыр. Сондай-ақ, шалғайдағы ауылдарда жедел жәрдем шақыру мәселесі шешілген. Ауылдық не аудандық бөлімшелердегі мамандар 30 минутта жетуіне мүмкіндік бар», - деді облыс әкімінің орынбасары.


Жоғары қарай