Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Түркістан облысына өзге өңірден келгендер міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді

2020 жылдың 26 наурыз 2020 04:10

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында коронавирус пандемиясымен күресте әкімдік қызметкерлері мен дәрігерлер, құқық қорғау органдары жүйелі жұмыс атқаруда. Өңірде осы бағытта профилактикалық және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 20 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке келген 24 жастағы жігіттен коронавирус инфекциясы табылды.

Осы орайда Нұр-Сұлтан-Шымкент бағытындағы 646 FNB 13 нөмірлі автобуспен келген жолаушылардың аты-жөні анықталды.

Қоғамдық көліктің жолаушыларына өз еркімен жергілікті медицина мекемелеріне барып, тексерілу талап етілуде. Оларға төтенше жағдай кезінде ауырғанын жасырып, өзгелерге вирус жұқтыру - ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жауапкершілікке тартылатыны ескертілген. Бүгін бұл туралы облыс әкімдігі жанынан құрылған ситуациялық орталықта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлім етті.

«Сіздер, инфекцияның алдын алу және онымен күрес бойынша барлық мәліметті 109 колл орталығына қоңырау шалып немесе Түркістан облысы әкімдігінің «Түркістан COVID-19 облыстық шұғыл ақпарат тарату штабы» парақшасынан біле аласыздар. Бәрімізді қазір бұл жайт алаңдатып отыр. Сол себепті, гигиеналық және сақтық шараларын, қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауды өтінемін!», - деді Сәкен Қалқаманов.

Еске салайық, қазіргі таңда елімізде коронавирус жұқтырған 80 азамат тіркеліп отыр. Десе де әзірге Түркістан облысында індет жұқтырғандар тіркелген жоқ. Соған қарамастан, облыс аумағында індеттің алдын алу шаралары күшейтілген. Өңірдің кіреберістеріне блок бекетте қойылған. Адам көп шоғырланатын ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары және базарлар уақытша жабылып, жұмыс істеуіне шектелген.

Жоғары қарай