Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Түркістан облысында білім саласына бір жылда 270 млрд теңге бөлінген - әкім

2020 жылдың 15 ақпан 2020 06:41

ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан облысында тұрғындардың сапалы білім алып, медицинамен қамтылуы және салауатты өмір салтын ұстану үрдісін дамыту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының сөзінше, өңірде өткен жылы білім саласына 270 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жаңадан 5 315 балаға арналған 120 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылып, бұл облыстағы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100% қамтуға мүмкіндік берген.

«2019 жылы 25,4 млрд теңгеге 68 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 26 білім нысаны іске қосылды. Оның ішінде апатты 2 және үш ауысымды 3 мектептің мәселесі шешілді. Елбасы тарапынан облысымыздың білім саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері қатаң сынға алынған болатын. Өңірдегі білім саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупін жою мақсатында «Smart.Nation» порталы арқылы балаларды балабақшаға, мектепке және білім саласы қызметкерлерін жұмысқа қабылдау шаралары толық автоматтандырылды. 2020 жылы оқушыларды қосымша білім және үйірмемен қамтуды 70 пайызға жеткізу мақсатында 11 ауданда «Оқушылар үйлері» мен облыс орталығынан заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» ашылады»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімінің сөзінше, 2020 жылы 47 білім нысанының құрылысына бюджеттен 11,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Ал, денсаулық сақтау саласына 20,3 млрд теңге бағытталған.

«Оның 6,1 млрд теңгесіне 9 нысанға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 8 нысан жыл қорытындысымен пайдалануға тапсырылды. Сонымен қатар, 2019 жылы Түркістан қаласындағы перинаталдық орталыққа қосымша салынған 150 орындық корпустың ғимараты пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 570 млн теңгеге шалғай елді мекендерде 19 медициналық тірек пайдалануға берілді. Облыс тұрғындары емхананың алдын алу шараларынан бөлек, жедел жәрдемнің көмегіне мұқтаж. Осы бағытта жедел жәрдем қызметіне 48 санитарлық автокөлік сатып алынып, халық игілігі үшін тапсырылды»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Нәтижесінде 2019 жылдың қорытындысымен денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері, атап айтқанда ана және нәресте өлім-жітімінің көрсеткіштері 13,1%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 33,3%-ға төмендеген.

«Түркістан қаласы облыс орталығы статусына ие болуына байланысты денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп, бірінші кезекте қажетті нысандар құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. 2020-2021 жылдары облыстық көпбейінді 630 орындық медициналық орталықтың, облыстық балалар ауруханасына қосымша 190 төсекке арналған емдеу корпусының, №1 қалалық емханасының, Симуляциялық орталықтың құрылысы жүргізіледі»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Жоғары қарай