Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен қамтуға 13,7 млрд теңге қарастырылған

2020 жылдың 14 ақпан 2020 22:43

ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы аудан-қала мен ауыл әкімдері жергілікті жерлерде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу үшін жұмыс атқарулары тиіс.

Бүгін ел алдында есеп берген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жергілікті әкімдерді өз жұмыстарын пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, газ, ауыз су, әлектрмен және тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың бірден-бір жолы деп атап өтті.

«Осының негізінде облыс көлемінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 103 нысанның құрылысына 13,7 млрд теңге қарастырылды. Бөлінген қаржыға су құбыры мүлдем жоқ 43 елді мекенге жаңа ауызсу құбырлары салынды. Оған дәлел Кеңес заманынан бері орталықтандырылған ауыз су жүйесі салынбаған Созақ ауданындағы 5 елді мекенге, Шардара ауданындағы 5 елді мекенге ауызсумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 12 елді мекеннің тозығы жеткен ауызсу жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде, қамту деңгейі 80%-дан астам немесе 671 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етілді»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Өңір басшысының сөзінше, ағымдағы жылға 45 нысанның құрылысына 15 млрд теңгеден астам қаржы бағытталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша су құбырымен қамтылмаған 26 елді мекенді жаңа ауыз су жүйелерімен қамтып, 12 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту межеленіп отыр.

«Бүгінгі күнге, Түркістан қаласының небәрі 16% ғана кәріз жүйесімен қамтылған. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жан-жақты талдау жұмыстары жүргізіліп, қаланы 2024 жылға дейін 100% кәріз жүйесімен қамтамасыз ететін 10 нысанның жобасын әзірлеп, кешенді жоспарға енгізілді. Табиғи газбен қамту бойынша 2019 жылы 54 табиғи газ нысанының құрылысына 19 млрд теңгеден астам қаржы бағытталып, жыл бойына 34 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталатын болады. Өз кезегінде Ордабасы ауданы Темірлан елді мекені, Мақтаарал ауданы, Жамбыл елді мекені, Сарыағаш ауданындағы Көктөбе, Телемұнара мөлтек ауданы көгілдір отынға қол жеткізді. Нәтижесінде, 412 елді мекен (48,9 %) немесе 1 млн 109 мыңға жуық адам (56,7%) табиғи газбен қамтылды»,- деді Өмірзақ Естайұлы.


Жоғары қарай