Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Түркістан облысында «Қамқорлық» жобасын қолдаған кәсіпкерлер қатары көбейді

2020 жылдың 28 ақпан 2020 14:14

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында кең көлемде іске асқан «Қамқорлық» жобасына қолдау көрсеткен іскер азаматтар қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік әлжуаз отбасыларды өз қамқорлығына алуға дайын азаматтар көпке үлгі, өзгеге өнеге болуы тиіс. Оған куә болған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шалғай аудандарды аралап, баспана тауқыметін тартқан бірқатар отбасында болды. Көмекке мұқтаж азаматтардың үйіне барып, жай-күйін сұрады.




Соның бірі - шардаралық Хатича Амансатова. 7 қыз, бір ұлдың анасы жылдар бойы жалдамалы лашықты паналап жүр. Отағасы - мүгедек. Үлкен қызы колледжде оқиды. Мәртебелі меймандарға уәжін айтқан көпбалалы ананың бар арманы - баспаналы болу. Аймақ басшысы мәселені зерттеп-зерделеп, шешімін табуды жергілікті билікке тапсырды. Шараларда көмекке зәру 58 отбасы анықталған.




«Қазіргі қоғам «не алсам» емес, «не берсем» дейтін адамдарға мұқтаж. Барлық аудан, қалаларда осындай азаматтардың көбейгені қуантады. Өзгеге үлгі, маңайына қамқор кәсіпкерлердің әрекеті көпке ой салары сөзсіз»,- дейді Өмірзақ Естайұлы.

Кәсіпкер қолдауымен тағы бір отбасы жақын арада қоныс тойын тойлайтын болды. Келес ауданының тұрғыны Парида Абдуллаева жалғыз баласымен ескі, жұпыны сарайда тіршілік етіп жүр. Аталған отбасының жағдайын көзбен көрген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев отанасының жұмыссыз екенін ескеріп, мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналастыруды тапсырды.




Жанұяның жағдайына алаңдаған жергілікті кәсіпкер Нұрлан Базарбаев баспана салып беруді өз мойнына алды.

«Осы жердің тумасы ретінде әрине, жанашырлық танытамын. Бұл отбасымен таныстым. Жалғызбасты ана. Амалы болмаған соң осындай жерде өмір сүруге мәжбүр. Қолымнан келген көмегімді көрсетемін. Зәулім демей-ақ қояйын, бірақ бойжеткен қызымен тұруына ыңғайлы үй салып беруге дайынмын. Өз ортамда мұндай сауапты іске атсалысып жүрген азаматтар жетерлік»,-дейді кәсіпкер.

Жалпы, Келес ауданында көмекке мұқтаж 178 отбасы анықталып барлығына жауапты куратор бекітіліп, аталған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету міндеттелген. Облыс көлемінде кедейлік кебін киген жандарға көмек беріп жүрген арқа сүйер азаматтардың артқаны қуантады.













Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Жоғары қарай