Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында ойнап жүріп жоғалып кеткен бір үйдің 4 баласы табылды

2021 жылдың 28 мамыр 2021 21:56

КЕЛЕС. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері жоғалған төрт бірдей баланы тауып, ата-анасына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, тез арада көмек керек болып тұрғанын айтады.

Әйелдің айтуынша, оның 11 жастағы қызы мен 7, 5, 4 жастағы ұл балалары таңертеңгі уақытта үйдің ауласында ойнап жүрген.

Біршама уақыттан кейін қараса, жақын арада балалары көрінбейді. Анасы өзі ары-бері іздеп, жарты сағаттай уақытын жұмсайды.

Іздеуден нәтиже шықпағаннан кейін, полицейлерден жәрдем сұрайды.

Бір отбасының 4 бірдей жас балалары ұшты-күйлі жоғалғанын естіген полицейлер оларды аман-есен үйіне қайтару үшін бірден әрекет етті.

Оқиға орнына бірнеше топқа бөлінген тәртіп сақшылары жедел жетті. Жан-жақты іздестіру жұмысын жүргізді.

Куәгерлерден сұрастырды, көше-көшені, үйлерді ретімен мұқият қарап шықты. Одан бөлек, қараусыз қалған үйлер де тыңғылықты тексерілді.

Бірнеше сағатқа созылған полицейлердің іздестіруі оң нәтиже беріп, балалар 8 шақырым қашықтықтағы басқа көшеден табылды.

Осылайша ойнап жүріп адасқан бүлдіршіндерді ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция майоры Тойлыбай Қоштаев дін аман тапты.

Тәртіп сақшылары балалардың ас-суын беріп, жағдайы жақсы екеніне көз жеткізіп, ата-анасына түсіндіру жұмысын жүргізді. Балақайларды үйіне қайтарды.

Өз кезегінде бір сәтте балаларынан айырыла жаздаған ана тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізді.

«Айтарға сөзім жоқ, полицейлерге үлкен алғыс! Ойнап жүріп, бір сәтте көзден таса болған балаларымды екі сағат бойы іздеп, тауып бергенін ерлікке балар едім. Жұмысына табыс тілеймін» деп ақжарма тілегін жаудырды.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға кішкентай ұл-қыздарға абай болып, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.


Басты сөздер: Түркістан облысы, Оқиға,
Жоғары қарай