Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында тауда жоғалған үш студент қалай күнелткендерін айтып берді

2021 жылдың 28 мамыр 2021 17:39

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында тауға шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен жеті туристің үшеуі Өгем тау шатқалынан табылды. Үшеуі де дереу Шымкент әуежайына жеткізіліп, Сайрам Өгем ұлттық паркінің штабында ата-аналарымен қауышты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, студенттерді құтқару операциясы әуеден жүргізілген. Үшеуі де дін аман, медициналық көмекті қажет етпеген. Ал, туристердің адасып кетуіне ауа-райының күрт суытуы себеп болған. Қалың тұман мен қардың қалың жауғаны және жол көрсетушінің болмауы түрлі қиындықтар туғызған.

«Шыңға жеткен кезде, екі күннен кейін жолда адасып кеттік. Кейін жеті адамның ішінде бір кісі ауырып қалды. Соған байланысты үшеуі бір орында қалды да, төртеуі ары қарай кетті. Үшеуміз үш күн түнедік сол жерде, бүгін шығып келе жатқан кезде бізді тауып алды ТЖҚ қызметкерлері»,- дейді адасқан студенттер.

Төрт күннен бері іздеу шараларын жүргізген өңірдің төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы туристердің ас-ауқаты бітіп қалғанын айтады. Дегенмен ешбірі жатып қалмастан, қозғалыстарын тоқтатпаған. Таудан табылғандар Ақтөбе облысы мен Орал, Жезқазған қалаларының тумалары. Қазіргі таңда қалған төрт туристі тікұшақпен іздеу жұмыстары жалғасуда.

«Қазір олардың жағдайлары қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж емес. Қалған туристерді іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Табылған азаматтар Өгем шатқалында жыраға түсіп кеткен. Сағат 13:10 шамасында табылып, сағат 13:45-те әуеде екі тікұшақпен құтқарылған. Қалған туристерді құтқару жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалған адамдардың туыстары, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» мекемесінің екі тікұшағы жұмылдырылған», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев
Жоғары қарай