Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында волонтерлер слеті өтті

2020 жылдың 10 қараша 2020 06:10

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында волонтерлердің слеті ұйымдастырылып, онда еріктілер қозғалысын дамыту мәселелері сөз болды. Аталған шараға өңірдің белсенді жастары қатысып, волонтерллерді ынталандыру жайын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда сондай-ақ, «Волонтер жылының» 7 жалпыұлттық жобасы аясында іске асырылып жатқан іс-шаралар мен жобалар айтылды. Арнайы семинар-тренинг форматында өткен жиынға ҚР психологиялық ассоциациясының мүшесі, психолог-тренер Назира Кенжебеккызы тәлімгерлік етті.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Амалбек Өміртайдың айтуынша, биылғы «Волонтер жылында» оларға мемлекет тарапынан түрлі қолдау қарастырылып отыр.

«Мұндай семинар-тренингтер еріктілердің біліктілігін арттырады. Сонымен қатар, облысымыздың волонтерлері осы уақытқа дейін де аталған қызметтің 7 бағытын дамытуға белсенді қатысып жүр. Алдағы уақытта да олардың белсенділігі мен құлшынысы төмендемейді деп сенемін» -, дейді орталық басшысы.

Жастар басқосуында волонтер ұғымына жалпы түсінік беріліп, олардың қоғамдағы орны мен маңызы талқыланды. Психологиялық ойындар ойнатылып, жастар өзара тәжірибе алмасты. Теориялық және практикалық сабақтарды қамтыған семинар өңірдің бірнеше аймағында жалғасын тапты.

«Мұндай ойындар волонтерлердің түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдауына, өз ойларын ашық айту мен мақсаттарын айқындауға көмегін тигізеді. Төрт күнге созылған семинар кезінде 16 аудан-қаланың жастарымен кездестім. Олардың белсенділігі мені тәнті етті», - дейді Назира Кенжебеккызы.

Семинар-тренинг соңында қатысушыларға сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.














Жоғары қарай