Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында жыл соңына дейін 48 мектеп пайдалануға беріледі

2020 жылдың 13 тамыз 2020 00:14

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жаңа оқу жылында оқушылардың 92% қашықтан оқыту форматында білім алады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы сондай-ақ, өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанын жеткізді. Егер облыстың Бас санитар дәрігері рұқсат берген жағдайда балалар саны 180-нен аспайтын шалғайда орналасқан шағын-жинақы мектептердің оқушылары дәстүрлі түрде оқитын болады. Бүгінде облыста мұндай 139 шағын мектеп пен онда оқитын 12 мыңнан аса оқушы бар. Өмірзақ Естайұлының сөзінше, жергілікті аудан мен қала әкімдері, білім басқармасы бірлескен түрде барлық тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауы қажет. Ең алдымен мектепте медициналық қызметкер күні бойы оқушыларды бақылауы керек. Санитайзерлер орнатылып, әр партаға тек бір оқушыдан отыруы тиіс. Ал, шалғай ауылдарға ғаламтор желісін тарту мен аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына компьютер беру, оқушыларды кітаппен қамтамасыз ету шаралары қолға алынады.

«Бүгінгі таңда аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушылардың компьютерлік техникасы жоқ. Ол үшін Үкімет тарапынан 57 мыңнан астам компьютер әперу процесі жүруде. Аталған техникалық жабдықтар I тоқсанның аяғына дейін жеткізіледі. Компьютерлік техника аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан білім алушыларға және ұстаздарға қашықтан оқыту кезінде пайдалану үшін уақытша берілетін болады»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Айта кетейік, облыстағы 838 елді мекеннің 707-де интернет және ұялы байланыс жүйелері бар. Дегенмен 131 ауылда әлі күнге интернет желісі жоқ. Бұл мәселені оңтайлы шешу бойынша Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ұялы операторлар «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, 2 жылдық дамыту бағдарламасын даярлауда. Сонымен қатар оқу жылына дайындық барысында облыстағы барлық білім мекемелеріне қажет оқулықтардың 100% қаржысы төленіп, тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылған. 25 тамызға дейін барлық оқушыларға қажетті оқулықтар жеткізілмек. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 48 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.


Автор Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Білім, Түркістан облысы,
Жоғары қарай