Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан сапарының қорытындысы: Елбасыға Күлтөбедегі қалпына келтірілген тарихи нысандар туралы айтылды

2021 жылдың 13 мамыр 2021 17:58

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Жақында Түркістанға сапары барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашық аспан астындағы «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасымен танысқан болатын. Аталған жобаны Еуразиялық топтың қаржылай қолдауымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүзеге асырып жатыр.

Айта кетерлігі, Түркістанға арналған зәкірлік нысандардың тізімін бекіте отырып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлан-ғайыр Еуразия халықтары мәдениеттерінің ықпалдастық және өзара әсер ету процестерін зерттеудегі басты ескерткіш ретінде Күлтөбе қалашығының маңызды екенін атап өткен болатын. Мұнда 2019 жылдан бері «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау» атты мәдени мұраны сақтау жөніндегі ғылыми жоба – ERG-дің Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтымен ынтымақтаса жүзеге асырып жатқан ауқымды және әлеуметтік басым жобаларының бірі. Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше рет таныстырылған болатын. Сонымен қатар, жоба Премьер-министрі Асқар Маминнің де ерекше бақылауында. Түркістанға сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаевқа Күлтөбедегі екі жылда атқарылған жұмыс нәтижелері мен алдағы уақытқа арналған жоспарлар ұсынылды.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстан ғалымдарының жүргізген зерттеулері бүкіл түркі әлемінің рухани астанасына айналған Түркістанның Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі екенін дәлелдеген еді.




«Қазіргі уақытта ежелгі Түркістан қаласының түп негізі Күлтөбе қалашығынан басталғанына, ал крест тәріздес формадағы алғашқы монументалды ғимарат I–II ғасырларға тиесілі екеніне тікелей дәлелдер бар, - деп атап өтті «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС Бас директоры, философия докторы (PhD) Андрей Хазбулатов. – Бірте-бірте осы ғимараттың айналасында қаланың қамалы, шахристаны және рабаты салынды. Бұл кейіннен Ұлы Жібек жолындағы маңызды саяси, экономикалық және мәдени орталықтардың біріне, ал XVI ғасырдың аяғынан XVII ғасырдың 30-жылдарына дейін Қазақ хандығының астанасына айналды».




Соңғы екі жыл бойы 30 гектар аумақта жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында шын мәнінде теңдесі жоқ ғимарат орындары табылған еді. Олардың арасында X-XII ғасырлардағы құрбандық шалу орындары кешені, Ясауи ордені ізбасарларының мекені-XVII-XIX ғасырлардағы ханның зікір ету орны және сопылардың басқа да діни ғимараттары. Сонымен қатар, археологтар ерте орта ғасырлардан бастап ХХ ғасырдың басына дейін пайдаланылған тұрғын және қолөнер орамдарын, жұма мешітін, XVIII-XIX ғасырлардағы орамдық мешітті және басқа да тарихи нысандарды тапты. Қазіргі уақытта тоғыз зәкірлік нысан қалпына келтірілді. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанды қалпына келтіруді аяқтау жоспарлануда.




«Жалпы, Күлтөбе зерттеулері дәуірлер тоғысындағы Түркістанның үздіксіз даму көрінісін көз алдыға елестетуге мүмкіндік береді», - деп сөзін толықтырды Андрей Хазбулатов. – Ол түркі әлемінің рухани орталығының асыл мұраға бай тарихын көрсетеді. Осының өзі – құрылып жатқан «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағының ерекшелігін көрсетеді. Ең көне әрі өңделмеген сәулеті бар мұндай саябақ аналогтарына Өзбекстандағы ескі Термез ескерткіштері, Түркиядағы Ани, Италиядағы Помпей, АҚШ-тағы Сан-Агустин және басқаларын жатқызуға болады. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра ескерткіштерінің буферлік аймақтарында археологиялық саябақтар салу – қазіргі уақытта мәдени мұраны сақтаудың ең озық тәжірибесі».




Қазба жұмыстары кезінде Күлтөбе қалашығынан 15 000-нан астам қыш сынықтары, 1000-нан астам көне монеталар, соның ішінде Ясы-Түркістан қаласындағы ақша сарайының монеталары, алтын, күміс, мыс зергерлік бұйымдары және басқа да көптеген қызықты жәдігерлер табылды.

«Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау» атты үш жылдық ғылыми жоба биыл аяқталады. Содан кейін мұнда келген әрбір адам ежелгі қаланың көшелерімен серуендеп, бірнеше ғасыр бұрын мұнда халықтың қалай өмір сүргенін елестете алады. Туристер де жергілікті қолөнершілердің қаншалықты талантты және шебер екенін көрсететін жәдігерлермен танысады.




Қалашықта археологиялық ізденістер мен реставрациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Абаттандыру аясында негізгі тарихи нысандарды көлегейлейтін, оларды жойылудан сақтап, қорғайтын арнайы күмбездер орнату қажет. Сонымен қатар, салынып жатқан саябақтың аумағына жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, ағаштар отырғызылады, көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаевтың айтуынша, археологиялық саябақ аумағында абаттандыру жұмыстары келесі жылы аяқталуы тиіс.








Жоғары қарай