Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркістанда Бекзат Саттарханов туралы фильмнің тұсауы кесілді

2019 жылдың 30 қыркүйек 2019 21:39

ТҮРКІСТАН. ​ҚазАқпарат - Түркістанда жаңадан жарық көрген «Бекзат» көркем фильмінің тұсауы кесілді. «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген туынды Сидней Олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен жұлдыз, боксшы Бекзат Саттархановқа арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Картинаның тұсаукесерінде сөз алған​ «Хабар» агенттігі АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев жер жаһанға​ 20 жасында өз елінің атын танытып кеткен Б. Саттарханов барлық игі ілтипатқа лайық екенін атап өтті.

«Жасындай жарқ еткен жас ғұмырдың ерте үзілгені қай-қайсымыздың да қабырғамызды қайыстырды. Бекзаттай батырдың болмысын бүгінгі ұрпақтың жадына жеткізу, бүгінгі ұрпақ​ санасына сіңіру – баршамыздың парызымыз. Сондықтан да, «Хабар» агенттігі, Сидней Олимпиадасының чемпионы, белгілі боксшы​ - Бекзат Саттарханов туралы​ тұңғыш автобиографиялық «Бекзат»​ драмасын таспалауды ұйғарды. Мақсатымыз - ерте сөнген жұлдыздың​ санаулы ғұмырындағы жігерлі жетістіктерін, қайтпас қайсарлығын, ұлтжандылығы мен намысқойлығын көрсету арқылы бүгінгі жас ұрпақты рухтандыру, жас спортшыларымызға бұқаралық салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады», - деді ол.

​Фильмнің алғашқы көрсетіліміне, сондай-ақ даңқты спортшының ата-анасы, туыстары қатысты.

«20 жас ғұмырында қолынан келгенше еліне барлық күш-жігерін беріп кетті. Бекзатқа қандай марапат, қандай кино шығарса да артық болмас. Бекзатты жастардың алдына үлгі етіп қойса... оның имандылығы, үлкенді сыйлауы, қазақылығы, бірбеттілігі, алға қойған мақсатын орындайтын мінезі қазіргі қазақ жастарына керек», - деді марқұм спортшының әкесі Сейілхан Саттарханов.




Туынды сюжетінде боксшы өмірінің үш кезеңі қамтылады: балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 90-жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады.







Бірде ата-анасы Бекзатты күреске қатыссын деп бапкерге апарады. Онда ол сергектігімен көзге түседі. Дегенмен күреске қатысқан баланың бойы өспей қалады деген түсінікпен оны боксқа ауыстырады. Бапкерімен танысқан күннен бастап, бұл спорт түріне ерекше махаббаты ашылады. Күн сайын ерінбей жаттығып, алғаш рет Түркістанда өткен сайыста жарқырап көрінеді. Боз бала шағында Германияда өткен турнирде топ жарып, бапкерлер Олимпиадаға даярлау жаттығуларына қабылдайды. 1999 жылы Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болып, Олимпиада ойындарына жолдама алады. Солай, 2000 жылы Сиднейде тартысты ойындар өткізіп, алтын медальға ие болады.

Картинаның режиссері - Мұрат Бидосов, сценарийін Сержан Закерұлы жазған.​

Фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстанбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған. Сонымен қатар туындыдан Ғалымбек Оспанов, Мұрат Жарылқасынов, Майра Мақұлбекова, Дулыға Ақмолда, Қуаныш Мұқатай, Бақдәулет Шаймахан және басқа актерлерді көруге болады.

Толық метражды картина 3 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.







Жоғары қарай