Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековтің  90 жасқа толуына орай еске алу шарасы өтті

2021 жылдың 27 тамыз 2021 17:00

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті. Ұлт рухын ұлықтаған тұлғаның 90 жасқа толуына орай өткен шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері, еліміздің белді қоғам, мәдениет және ғылым қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр Ақтоты Райымқұлова салтанатты жиынды ашу сөзінде биыл Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласы – Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланғандығын атап өте келе, елімізде рухани қазынамызды сақтап, ұрпаққа жеткізуді көздейтін мемлекеттік деңгейдегі түрлі бастамалар тұрақты түрде қабылданып келетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, министр Өзбекәлі Жәнібековтің XX ғасырдыӊ 70-ші жылдары Кеңес үкіметінің дәуірлеп тұрған уақытында Қожа Ахмет Ясауи кесенесініӊ қайта қалпына келтірілуіне ұйытқы болып, әулие кесенесі негізінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына орасан зор еңбек еткендігіне ерекше тоқталды.

«Осындай ірі тұлға Қазақсанның мәдениетіне, тарихына өзінің еңбегін сіріп кеткен ұлт азаматы, ұлт рухын ұлықтаған Өзбекәлі Жәнібековтің мұрасы алда да өзінің жалғасын табады деп ойлаймын. Сонымен қатар жастарды тәрбиелеуде, өзіміздің егемендігіміздің әрі қарай ұлықтауына Жәнібековтің мұрасы септігін тигізеді деген сенімдемін»,- деді Ақтоты Райымқұлова.




Өзбекәлі Жәнібековты еске алу шаралары дөңгелек үстелмен шектеліп қоймай, тақырыптық көрменің ашылуы, профессор Құлбек Сәрсенұлының «Ұлттың ұйытқысы» атты Ө.Жәнібеков туралы естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі және «Тұран» этнографиялық тобының концертімен жалғасты.

Айта кету керек, ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруына ерекше үлес қосқан қайраткерді ұлықтау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдан бері Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы арнайы жүлдені тағайындап келеді. Бүгінде Түркістан облысында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығына қарасты Арыстанбаб кесенесінің іргесінде Яссауи ілімін жалғастырушы Құрбан Жаманбайұлы мен Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесі орналасқан. Бұл кесенелер Отырар музей-қорығының аумағында болуына байланысты А. Райымқұлова Мәдениет комитетіне аталмыш музей-қорығының қарамағына алу бойынша жұмыстарды жүргізуді тапсырды.





Жоғары қарай