Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Түркістандық мұражайға 1878 жылы жарық көрген газет пен кітаптарды тапсырды

2022 жылдың 31 қаңтар 2022 17:41

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Ақсақал Тұрмағанбет Лахабаев «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тарихи, діни-рухани кітаптар мен жазба ескерткіштер табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күні бүгінге дейін көне сандықта ораулы жатқан мұраларды көздің қарашығындай сақтап келген қария ғасыр көрген жәдігерлер әрі қарай мұражайда сақталғанын жөн санапты.
«Әкем 3 жасымда қайтыс болған. Жетпістен асып көз жұмған анам осы дүниелерді аманаттап кетті. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дүниені күтіп-сақтағанымыз болмаса, ішіндегі жазулардың мәні, тарихи құндылығына мән бермеппіз. Ғасырлар көрген мұраларды мәңгілікке сақтау үшін музейге тапсыруды ұйғардық»,- дейді Тұрмағанбет қария.





Осы орайда «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев 81 жастағы Тұрмағанбет Адамбекұлының тарихи құндылықтарға жауапкершілікпен қарап, музейге тапсыруға ниет еткен бастамасына алғыс айтып, музей қызметкерлері кітаптарды әрі қарай кәсіби тұрғыда сақтайтынына уәде етті.
Қорық-музейдің қызметкері Толқын Жолдасов музей қорына аманаттаған еңбектерді аударып, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
«1878 жылы Санкт Петербургте басылып шыққан газет қатты зақымдалып, ұсақ бөліктерге бөлініп кеткен. Бөліктерде діни нысанның (мешіт немесе кесене) жекелеген бөліктері мен араб тіліндегі сөздердің бөліктері байқалады. Бұл жәдігердің мазмұнын анықтау үшін, толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет»,- дейді Толқын Жолдасов.
Аудармашы мамандардың айтуынша, тағы бір кітапта пайғамбарлардың оқиғалары, әртүрлі дертпен ауырған адамдарға шипа болатын дұғалар берілген.





Жоғары қарай