Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістандық өнерпаздар «Melotime» республикалық байқауында жүлдегер атанды

2020 жылдың 28 қараша 2020 16:10

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының өнерпаздары «Melotime» республикалық байқауында жүлдегер атанды. Ән өңдеушілер арасында өткен сайысқа 26 үміткер қатысып, бақ сынаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқау музыканттардың кәсіби шеберлігін жетілдіру мен ән өңдеушілерге шығармашылық қолдау көрсету, ән өнерінің жетістіктерін жаңғырту мен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Мәдени қарым-қатынасты және өзара бәсекелестікті дамыту мен ырғақты, мазмұны терең сапалы жаңа әндер қорын байыту бағытында өткізілді.

Аталған өнер сайысына оңтүстік өңірінен шыққан өнер иелері де қатысты. Үміткерлердің жұмыстарын елімізге белгілі Ринат Гайсин, Қайрат Баекенов пен Ерлан Бекчурин сынды кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады.

Сайыстың қортындысына сәйкес бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан Нұрлыбек Аманов «Домбыра туралы баллада» атты шығармасымен жеңіп алса, шымкенттік Мәди Айжанов «Айналдым елім» атты туындысымен І орыннан көрінді.

Шымкент қаласынан қатысқан Ізбасар Кеңесовтің «Ел ана, жер ана» атты шығармасы ІІ орынға лайық деп шешілді.

Ал, Нұр-Сұлтан қаласының өнерпазы Данияр Отарчинов «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін, Арыс қаласынан Шахизинда Алимбетов «Қуанышым менің» әуенін өңдеп ІІІ орыннан көрінді.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан каласының өнерпазы Ержан Қорғанбек «Бәрінен де сен сұлу» әнімен, Отырар ауданынан Ғалымжан Сартабаев «Көк көлдегі кештер-ай» әнімен, шымкенттік Айтеке Көптілеу «Алыс арман» әнімен дипломант атанды.


Жоғары қарай