Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркістандықтарға медициналық қызметтерді тегін алу жолдары түсіндірілді

2019 жылдың 9 желтоқсан 2019 14:52

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жұмыссыз азаматтарға медициналық қызеттерді тегін алудың жолдары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова мен Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Жанар Оспанова мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға медициналық сақтандыру арқылы ем алуға болатынын жеткізді.




Мақтарал ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығында өткен жиында сала мамандары келер жылдан бастап мемлекет тарапынан 15 санаттағы азаматтар медициналық сақтандыру жарнасынан босатылатынын атап өтті. Осы санаттың ішіне енгізілген жұмыссыздарға әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде емдік қызметтердің толық спектрі қолжетімді екенін жеткізді.




«Егер адам жұмыстан босап, не болмаса қысқартуға түсіп қалса, онда ол міндетті медициналық сақтандыру аясындағы медициналық көмектерді үш ай бойына алуына құқығы бар. Мәселен, соңғы жарна мамыр айында өндірілді. Яғни, мамыр, маусым және шілде айларында тіркелген медициналық мекемеге хабарласып, тексерістен өтіп, сақтандыру арқылы ем алуға болады. Алайда, жұмысқа қабылданған кезде жарнаның осы берешегін төлеу қажет болады», – дейді, Лаура Сапарбекова.

Еске салайық, медициналық сақтандыру қоры 1406 байланыс орталығын іске қосу арқылы тұрғындарға медициналық көмек мәселелеріне қатысты тегін кеңес бермек. Азаматтар сондай-ақ, осы нөмер арқылы өтініш немесе шағым беруге, медициналық ұйымдардың қызметтеріне баға берулеріне мүмкіндіктері бар. Себебі, қоңыраулар еліміз бойынша кез-келген телефоннан тегін болып отыр.




Жоғары қарай