Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркияда Мұқағали Мақатаевтың кітабы алты тілде жарық көрді

2021 жылдың 23 маусым 2021 11:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Түркияда «Қайтқанда соңғы тырналар» атты кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйытқы болуымен жарық көрген туындының таныстырылымы алдымен Кастамону қаласында өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері, өнерпаздар мен ақынның ұрпағы Жұлдыз Мақатаев арнайы келді. Сондай-ақ тұсаукесерге ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ҚР Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кастамону провинциясының губернаторы Авни Чакыр, Кастамону қаласының мэрі Рахми Галип Вадинлиоғлы қатысып, сөз сөйледі», - делінген ТҮРКСОЙ ұйымы таратқан ақпаратта.

М.Мақатаевтың өлеңдер жинағы алты тілде жарық көріп отыр. Енді ақынның шығармаларын қырғыз, түрік, әзербайжан, өзбек, түрікмен және башқұрт тілдерінде оқуға болады. Аудармашылардың арасында Қырғызстанның танымал ақыны Қожогелді Күлтегін мен түркиялық ақын Кенан Чарбоға бар.




«Салтанатты іс-шарада сөз сөйлегендер күллі түркі әлеміне танымал қазақ ақынының өмірінен сыр шертіп, өлеңдерінен үзінді оқыды. Жалпы отырыс ұйымдастырылып, түркі дүниесінің ғалымдары Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын талқылады. Отырыста М.Мақатаев атындағы халықаралық қордың төрайымы Бақытгүл Айдарова Кастамону провинциясының губернаторы мен қала мэрін арнайы медальмен марапаттады. Ақынның 90 жылдығын атап өту рәсімі Анкара қаласында жалғасады», - деді ұйымнан.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Әдебиет, Түркия,
Жоғары қарай