Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша «111» байланыс орталығы іске қосылды

2020 жылдың 5 тамыз 2020 19:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша «111» байланыс орталығын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қыркүйек бастап балалар мен ересектер «111 жедел қызметіне» балалардың құқығы бұзылған кез келген жағдай мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша жүгіне алады. Аталған қызмет тәулік бойы жұмыс істейді және оған келіп түскен барлық хабарламалар мен өтініштер құпия сақталады. Call-орталық «Nur Otan» партиясының жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылды», делінген хабарламада.

Кеңес төрайымы Динара Закиеваның айтуынша, балаларға қатысты жылына 2 000-нан астам қылмыс тіркеледі, оның 700-ге жуығы жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы жасалады. Ең өкініштісі, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың 60%-ы отбасында орын алады.

«Балалар мен ересектер өздеріне көмек қажет болған немесе отбасындағы зорлық-зомбылық, балалардың құқығы бұзылған жағдайлар туралы білген кезде қайда баруға болатынын білуі үшін, сонымен бірге, баланың көшеде, үйде, көлікте жалғыз қалғаны, оның өміріне және денсаулығына қауіп төнгені, зорлық-зомбылық немесе қатыгездік жасалғаны туралы немесе егер олар балаларға қауіп төндіретін объектіні, мысалы, ашық люкті, жоғары кернеулі электр желісін, су көзін көрсе, осындай жағдайлар жөнінде көмек көрсету үшін «Nur Otan» партиясы жанынан қыркүйек айының басында өз жұмысын бастайтын «111 – жедел қызмет» байланыс орталығы ашылады», - деді Динара Закиева.

Кеңес төрайымы зорлық-зомбылықтың алдын алудың жүйелік шешімін енгізу бойынша жұмыс бірнеше айдан бері жүргізілгенін айтты.

Атап айтқанда, барлық өңірлерде өмірлік қиын жағдайдағы және зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларды анықтау жөніндегі жедел әрекет ету топтарының жұмысы ұйымдастырылған. Қазіргі таңда 2 182 жедел топ (жергілікті атқарушы органдардың қолданыстағы функционалдық міндеттері аясында) ашылды. Сонымен қатар, уеңес балаларды қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша Мәжіліс тобында бірлесіп жұмыс істейді.

«Біз балаларды ұрып-соғу, азаптау, зорлық-зомбылық көрсету әрекеттеріне қатысты жазаны қатаңдатудан бастап жетім балалардың тұрғын үй алу мәселелеріне дейін өз ұсыныстарымызды енгіздік. Енді мемлекеттік органдардың ұсыныстарымызды қолдап, келісуі маңызды. Сондай-ақ, партияның хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Білім министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, зорлық-зомбылықты анықтау және оның алдын алу үшін мектептерде бірыңғай тәсілді әзірлеуі тиіс», - деді Динара Закиева.


Басты сөздер: Адам құқығы, Nur Otan партиясы,
Жоғары қарай