Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
CNY 58.03

Үкімет еліміздің экономикасын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарын қарауда

2020 жылдың 19 мамыр 2020 09:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында еліміздің экономикасын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар қаралуда. Жоспарды ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздердің қарауларыңызға 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспардың жобасы енгізілуде. Үкімет кешенді жоспарды Ұлттық банк, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастықтарымен бірлесіп әзірледі. Кешенді жоспар экономика салаларын қолдау жөніндегі жедел шараларды қамтиды. Бұл - салықтық ынталандыру, кредит беруді арттыру, инфрақұрылымды дамыту, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамтуды сақтау шаралары», - деді ол.

Оның айтуынша, халықаралық ұйымдардың жаңартылған болжамдарына сәйкес 2020 жылы әлемдік экономика 4, ал жаһандық сауда 32 пайызға қысқарады. Жыл басынан бері мұнай 50 пайызға арзандады, металл бағасы орта есеппен 16 пайызға төмендеді. Бұл ретте, әлемдік экономиканың, сауданың және инвестициялардың одан әрі құлдырау қауіпі бар. Жаһандық жеткізу тізбектері бұзылды, сұраныс төмендеуде.

«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет тарапынан экономиканы қолдау мақсатында, нақты іс-шаралар іске асырылып жатыр. Микро, шағын және орта бизнес, салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылып, төлемдердің мерзімі ұзартылды. Олар - қоғамдық тамақтану, агроөнеркәсіп кешені, сауда, сауда орталықтары, қонақ үйлер, туризм, IT-компаниялар және басқа да қызметтер. Шағын және орта бизнестің жеңілдікпен несиелендіру құралдары едәуір нығайтылды. Кредиттеу көлемі 1 трлн теңгеге арттырылды. Бұл - «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша 400 млрд теңге және Ұлттық банк тарапынан жаңадан 600 млрд теңге», - деді Руслан Дәленов.

Министрдің айтуынша, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасында экономика салаларының қамтылуы едәуір артты. Соңғы сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды. Жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл инфрақұрылымды жаңғыртуға және қайта құруға жағдай жасайды. Сондай-ақ жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

«Шағын және орта бизнестің борыштық салмағының өсуіне жол бермеу үшін олардың кредиттері бойынша негізгі борыш пен сыйақы төлемдерінің мерзімдері 90 күнге ұзартылды. Ұлттық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеңілдетілді», - деді министр.


Жоғары қарай