Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Үкімет жұмысының көрсеткіші халықтың тыныс-тіршілігінен көрінеді - сарапшы

2019 жылдың 1 наурыз 2019 21:10

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамның бақытты әрі бақуатты өмір сүруі Үкімет пен мемлекеттік органдардың қызметінің көрсеткіші болуы тиіс.

Бұл туралы «El Tiregi» Қазақстанның шағын және орта бизнес қауымдастығы кеңесінің төрайымы Жазира Дүйсенбекова ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттер мен үкіметтер экономикалық бақуаттылықты ғана өлшеудің жеткіліксіз екенін түсініп отыр. Бақыт пен бақуаттылықты да өлшеуге, бағалауға болады. Бүгінде БҰҰ мен ЭЫДҰ көптеген елдерінде қоғамдағы бақыт пен бақуаттылықты өлшейтін түрлі индекстер бар. Дәл осы бақыт пен әл-ауқат индексі үкімет жұмысының негізгі көрсеткіші болып саналады», - деді Жазира Дүйсенбекова.

Оның айтуынша, көптеген мемлекеттерде үкімет, институттар, саясаттанушылар, экономистер мен әлеуметтанушылар тұрғындардың жеке бақыты мен өз өміріне қанағаттануына ерекше басымдық беріп отыр. Қазақстан да бұл жаһандық үрдіспен бірге ілесіп келеді.

«2016 жылдың ақпан айында Қазақстан халқы бақуатты болуын алдыңғы орынға қоятын өзге мемлекеттермен бірге Жаһандық бақыт коалициясына қосылды. Мұндай елдерде халықтың бақытты әрі бақуатты өмір сүруі үкімет пен меморгандардың жұмысының басты көрсеткіші болып саналады. Қазақстан да бұл одақтың белсенді қатысушысы», - деп атап өтті ол.



Сонымен бірге, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан әлемдік серіктестермен бірлесе жұмыс істейтін арнайы жобалық кеңсе ашылған.

«Бұл жобалық кеңсенің міндеті - әлемдік тәжірибені зерттеп, қажетті жұмыстарды Қазақстанға бейімдеу. Сондай-ақ, мемлекеттік органдармен және қоғамдық институттармен байланыс орнату қажет. Біздің мемлекетіміздің саясаты қайтадан велосипед ойлап табуды көздемейді. Барлық әлемдік өзгерістерден қалыспай, мәдени, діни, тарихи мұрамызды да ескеру қажет», - деді Ж. Дүйсенбекова.



«Nur Otan» партиясының XVIII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік салада жүзеге асырылатын тың бастамаларды жариялады. Атап айтқанда, Республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталады. Биылғы 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға артады. Аудандық және облыстық деңгейде азаматтармен тікелей жұмыс істейтін атқарушы органдар қызметкерлерінің еңбекақысын орташа есеппен 25 пайызға көтеру жүктелді.

Атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақы 21 мың теңгеге дейін артады. Сондай-ақ, мүгедек балаларды асырап отырған ата-аналардың жәрдемақысы 30 пайызға көбейеді. Толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау жүктелді. Ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға жекелеген гранттар, квоталар және шағын несиелер бөлінеді.

«Нұрлы жер» бағдарламасын кеңейтіп, оның аясында көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салу тапсырылды. Көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру тетіктері әзірленеді.

«Мемлекеттің қуаты мен экономиканың даму қарқыны азаматтардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халықтың болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді», - деді Н.Назарбаев.

Жоғары қарай