Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Үкіметте еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарлары таныстырылды

2022 жылдың 25 қаңтар 2022 09:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс өңірлерін – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларының жобалары ұсынылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарлары әзірленді, сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары өзектендірілді», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 трлн теңге.

«Министрлік, орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді», - деді министр.

Атап айтқанда, Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,7 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 343,3 млрд теңге, жергілікті бюджет - 165,6 млрд теңге, жеке инвестициялар - 1,2 трлн теңге.

Ал Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 116 іс-шараны қамтыды. Оның ішінде республикалық бюджет – 416,1 млрд теңге, жергілікті бюжет – 117,8 млрд теңге, жеке инвестициялар – 2,1 трлн теңге.

Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде республикалық бюджет – 535,8 млрд теңге, жергілікті бюджет – 112,6 млрд теңге, жеке инвестициялар – 8,3 трлн теңге теңге.

Маңғыстау облысын дамытудың өзектілендірілген кешенді жоспары жалпы қаржыландыру көлемі 2,1 трлн теңгені құрайтын 226 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде республикалық бюджет – 375,2 млрд теңге, жергілікті бюджет – 117,9 млрд теңге, жеке инвестициялар - 1,6 трлн теңге.


Жоғары қарай