Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 36 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Үкіметте қазіргі жағдайдан шығудың нақты жоспары бар – Алексей Цой

2020 жылдың 30 маусым 2020 13:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Үкіметі коронавирус ахуалын тұрақтандырудың шұғыл шараларын қамтитын егжей-тегжейлі жоспар жасаған. ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз санитарлық талаптардың бес алтын ережесін жақсы білеміз: маска мен қолғап киіп жүру керек, қолды жуып, қашықтықты сақтау керек, адам көп жиналатын орынға бармаған жөн. Кездесу кезінде қолмен амандасып, құшақтаспаған абзал. Алайда іс жүзінде бұл ережелердің көбі сақтала бермейтінін көріп отырмыз», - деді министр.

Алексей Цойдың айтуынша, осы ережелерді қатаң сақтаған жағдайда ғана туған-туыстарыңызды қауіптен құтқарасыз.

«Ел ішінде індет кеңінен тарап барады. Бәлкім, халық арасында вирустың жаппай таралуын тоқтату үшін қосымша шаралар керек болар. Әлбетте, проблема мен жоғарыда атаған мәселелермен шектелмейді. Бірақ тағы бір мәрте айта кетейін – Үкімет қазіргі жағдайдан қалай шығу керектігін көріп отыр әрі онда ахуалды тұрақтандырудың шұғыл шараларын қамтитын егжей-тегжейлі жоспары бар», - деді Алексей Цой.

Сонымен бірге министр медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.

«Осынау қиын-қыстау кезеңде олар туған-туыстарының, отбасының ортасынан кетіп, қауіпті жағдайда науқастарға көмек көрсетіп жатыр. Бұл жігер мен кәсіпке адалдықты талап ететін қатерлі жұмыс. Осы себепті бізді де түсініп, медицина қызметкерлерін барынша қолдауға шақырамын», - деді ол.

Еске сала кетсек, Үкімет 2 күннің ішінде осы жылдың наурыз-мамыр айындағыдай қатаң карантин шараларын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуі тиіс. Бұл тапсырманы коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңес барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген еді .

Өз тарапынан Денсаулық сақтау министрі қатаң карантин бойынша түпкілікті шешім жақында қабылданатынын хабарлаған болатын.

Жоғары қарай