Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

ҰҚШҰ әскері Қазақстан аумағынан толық кетті

2022 жылдың 19 қаңтар 2022 14:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҰҚШҰ бітімгершілік әскері Қазақстан аумағынан толық кетті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық бітімгер күштерін Қазақстан аумағынан шығару аяқталды. Соңғы жеке құрам мен техника әуе кемесімен Алматыдан ұшып шықты. Қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің әскери қызметшілері жоқ. Елімізден ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгершілік контингентін кезең-кезеңімен шығару биыл 13 қаңтардан бастап Қарулы күштердің Жоғары бас қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеген мерзімде жүзеге асырылды», -деді министрлік өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, бірлескен бітімгер контингенті Қазақстан аумағында ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 2 және 4-баптарына сәйкес әрекет еткен.

«Жыл сайын өтетін бірлескен оқу-жаттығу, оның ішінде мызғымас бауырластық бітімгершілік оқу-жаттығу барысында әзірленген іс-қимылдар үйлесімділігінің арқасында ұйымның бітімгершілік әлеуеті жедел іске қосылды», -деді Олжас Құсайынов.


Жоғары қарай