Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені арттыру шешімінің мәнін түсіндірді

2021 жылдың 13 қыркүйек 2021 22:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында базалық мөлшерлеменің неге көтерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Ақылжан Мәлікұлы, Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша бұл жолғы шешімі неге негізделді?

- Шешім тамыз-қыркүйек кезеңінің қорытындысы негізінде қабылданды. Ол бізге болжамдарды жаңартуға, ішкі және әлемдік экономикадағы ағымдағы үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді. Біздің талдауларымызға сүйене отырып, азық-түлік пен шикізат бағасының рекордтық өсуіне байланысты сыртқы инфляцияның айтарлықтай қысымын көруге болады. Бұған осы жылдың тамыз айында FAO тізбесіндегі (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) азық-түлік бағалары индексінің жылдық 32,9%-ға өскені дәлел. Жағдайды тасымал тізбегінің істен шығуы және бұрын-соңды болмаған фискалдық ынталандыру шаралары, осыған байланысты жаһандық сұраныстың жеделдеуі қиындата түсті. Салдарынан әлемдегі инфляцияның жалпы деңгейі монетарлық биліктің мақсатты бағыттарынан асып, өсу әлі де жалғасуда. АҚШ-та шілде айында инфляция 13 жыл ішінде ең жоғары мәнге жетті – 5,4%, Еуроаймақта 10 жыл ішіндегі ең жоғары мән тамыз айында тіркелді – 3%. Ресейде-тамыз айының қорытындылары бойынша 5 жыл ішінде ең жоғары мән белгіленіп, 6,7%-ға жетті. Ішкі факторлар инфляциялық көріністі де нашарлатып отыр. Оған маусымаралық кезеңде жеміс-көкөніс бағасының рекордтық өсуі, фискалдық ынталандырудың сұранысты жеделдетуі, электр энергиясының, жанармай мен газдың қымбаттауы жатады. Осының бәрі 2021 жылғы тамызда инфляцияның 8,7%-ға дейін үдеуіне әсер етті. Яғни, біздің базалық мөлшерлеме туралы шешімімізді орын алуы мүмкін тәуекелдердің қисынды жауабы деуге болады. Бұл шешім 2022 жылы инфляцияны 4-6% дәлізіне түсіруге бағытталған.

- Шілдеде базалық мөлшерлемені көтерудің салдары қандай болды?

- Базалық мөлшерлеме туралы бүгінгі және алдыңғы шешімдердің бәрі инфляциялық таргеттеу саясат аясында қабылданған. Оның мәні – базалық ставканы пайдалана отырып, инфляцияны мақсатты деңгейде тежеп тұру. Инфляцияның ауытқуы жоғары өсу бағытына қарай жылжыса, базалық мөлшерлемені арттыру керек. Біздің шешімдеріміз бірінші кезекте инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған. Бірақ базалық мөлшерлемені көтерген күннің ертеңінде бағаға әсер ете алмайтынын ұмытпау керек. Белгілі бір уақыт қажет. Алайда, кейбір қысқа мерзімді әсерлері де болады. Мысалы, базалық мөлшерлеменің өсуі теңге мен теңгелік активтердің тартымдылығын сақтап, ішкі валюта нарығының қалыпқа түсуіне ықпал етті. Теңгелік активтер тартымды болса, ақша және валюта нарығындағы қолайсыз тепе-теңдіктің алдын алады. Сондай-ақ, салымдарды долларсыздандыру әрекеттерін ынталандырады. Шілдеде заңды тұлғалардың депозиттерін долларландыру 37,4%-ға дейін төмендеді. Жеке тұлғалар депозиттерінің долларлануы төмендеп, соңғы 13 жылда рекордтық төмен мәндерге – 34,5% - ға жетті. Нәтижесінде шілде айында жалпы долларлану 37%-дан 36%-ға дейін төмендеді.

- Ал бағаны өсірген негізгі факторлар қандай болды?

- Біз айырбас бағамының инфляциялық процестерге айқын ықпалы байқалған алдыңғы дағдарыстардан үлкен айырмашылықтарды байқап отырмыз. Жыл басынан бері теңге бағамы 1,4%-ға ғана әлсіреді. Бұл ретте сыртқы бағалар көпжылдық рекордтармен өскені және бар. Бүгінгі күні инфляциялық қысымның басты факторлары монетарлық емес, яғни, азық-түлік тауарларының бағаларында шоғырланған. Олар тамыз айының қорытындысы бойынша жылдық мәнде 11,4%-ға өсті. Жанармай мен электр энергиясы да күрт қымбаттады. Маусым-шілде айларында FAO тізбесіндегі азық-түлік бағасының индексі аздап төмендегеніне қарамастан, тамызда қайта өсті. Бұл бүкіл әлемде пандемия басталғаннан бері азық-түлік бағасының қымбаттығы сақталып келе жатқанын көрсетеді. Бізде бұл үрдісті маусымаралық қымбатшылық пен жалпы ұсыныстың мерзімдік құбылуы күрделендіре түседі. Осыған байланысты, соңғы жылдары көкөніс бағасының рекордтық мәнде өсіп, ет, өсімдік майлары, қант және жұмыртқа қымбаттауда. Азық-түлік бағасын бір жағынан өндірушілер, екінші жағынан, қоймадағы астық қоры сарқылған елдердің сұранысы қымбаттатып отыр. Өкінішке қарай, біз көкөніс бағасы қайта түсетін маусымдық кезеңді өткізіп алдық. Әдетте жаздың соңында ай сайынғы азық-түлік инфляциясы түсетін немесе тіпті дезинфляция байқалатын. Яғни, биылғы жазда ондай оң өзгеріс байқалған жоқ. Азық-түлік емес саладағы инфляция бензин, киім және аяқ киім бағасының өсуі салдарынан 7,3%-ға дейін жеделдеді. Өзіндік құнның өсуі және елдегі іскерлік белсенділіктің қалпына келуі жанармай құнын 13,1%-ға өсірді. Киім мен аяқ киім 6,5%-ға қымбаттады. Жалпы импорттың қымбаттауы байқалып отыр. Азық-түлік емес инфляцияның өсу тенденциясына тұтынушылық белсенділік пен несиелендірудің қарқынды қалпына келуі көбірек түрткі болды. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында тауарлар импортының инфляциясы 27,3%-ға өсті.

Сондай-ақ, ақылы қызметтер инфляциясы да қарқын алып отыр. Тамыз айының қорытындысы бойынша, электр бағасы 10,1%-ға артып, жылдық өсім 6,6% болды. Бұл коммуналдық қызмет тарифтерінің 6,3%-ға қымбаттауына себеп болды.

- Үкімет пен Ұлттық банк Президенттің Жолдауда айтылған тапсырмасынан кейін инфляцияға қарсы шаралардың кешенін әзірлеп, қабылдады. Құжатта көрсетілген шаралар қаншалықты тиімді және 2021-2022 жылдардан не күтуге болады?

– Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банк пен Үкіметке инфляцияны азайтуды, оны 2022 жылы 4-6% дәлізіне қайтаруды тапсырды. Бұл ретте ол өсіп келе жатқан инфляцияның монетарлық емес сипатына ерекше назар аударды. Сондықтан қабылданған шаралар пакетінің негізгі мақсаты – инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыру. Үкіметтің бағалауы бойынша, шараларды тиімді іске асырудың арқасында жыл соңына дейін азық-түлік инфляциясын 8%-ға, ал келесі жылы 6%-ға дейін төмендетуге болады. Ал азық-түлік емес инфляция мен қызметтер инфляциясын тиісінше 5% және 4%-ға түсіру мақсаты қойылып отыр. Тапсырма өте қиын, бірақ орындауға болады. Егер Үкімет мәселені шешсе, 2022 жылы инфляция дәлізін 4-6%-ға қайтаруға қажет жағдайларды қамтамасыз етер еді. Бұл өз кезегінде ақша-кредит саясатын жеңілдетудің алғышарттарын жасауы мүмкін.

-Қазіргі үрдістер мен инфляцияны тежеу үшін қабылданған жоспарларды ескерсек,болжамдарыңыз қалай өзгереді деп ойлайсыз?

- Тамыз-қыркүйек айларының басты өзгерісі инфляция дәлізін қайта қарау болды. Жоғарыда айтқан факторларды ескере отырып, жыл соңына қарай инфляцияның жылдық мәні 7,5-8,5% дәлізінде болады деп күтілуде. Біздің базалық сценарийіміз бойынша, инфляциялық процестер жыл соңына дейін қазіргі динамикасын сақтайды және 2021 жылы ол болжамды диапазонның жоғарғы шегіне жақын болады. Егер үкіметтің инфляцияға қарсы қабылдаған шаралары тиімді болса, азық-түлік инфляциясы жыл соңына қарай 8%-ға дейін төмендейді. Яғни жалпы инфляция дәлізі 7,5 пайыз деңгейінде болады. Жалпы ішкі өнім болжамына келсек, пандемияның Қазақстан экономикасына кері әсері біртіндеп әлсіреп келеді. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы және карантиндік шаралардың жеңілдеуі байқалады. Осыған орай, тауарлар өндірісі саласында да, қызметтер саласында да іскерлік белсенділік қарқынды қалпына келе бастады. 7 айдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнім өсімі 2,7% болды. Мұнай бағасы 2022 жылдың соңына дейін барреліне 60 долларға жетсе, осындай сценарий болады деп болжанған еді. 2021 жылғы ЖІӨ-нің өсу болжамын қайта қарадық. 2021 жылы ЖІӨ 3,5-3,8% - ға өседі. Сонымен қатар, 2022 жылы ЖІӨ-нің өсу қарқынын 4,1-4,4%-ға дейін жеделдету күтілуде. Қазақстан экономикасының өсіміне тұтынушылық сұраныс пен экспорттың ұлғаюы қозғаушы күш болады. Халықтың нақты табысының, еңбекақысының және тұтынушылық кредиттің оң серпіні тұтынушылық сұранысты ынталандырады. Экспортты ұлғайту, өз кезегінде, «ОПЕК+»-тің мұнай өндіру жөніндегі шектеулерін жеңілдетумен және саудадағы әріптес елдер тарапынан Қазақстанның өніміне сұраныстың өсуімен қамтамасыз етіледі. Бұл төлем балансының жақсаруына да әсер етеді. Халықтың ішкі тұтыну белсенділігінің қалпына келуі және экономиканың негізгі секторларындағы инвестициялардың баяу өсуі импорт көлемін ұлғайтады. Бұл өз кезегінде ЖІӨ-нің өсімін тежейді.

- Өзіңіз айтқан төлем балансы келешекте қалай құбылуы мүмкін?

- Елдің төлем балансының деректері мұнай бағасының өсуінен кейін ағымдағы шот сальдосының біртіндеп жақсарғанын айғақтайды. Ағымдағы шоттың қаншалықты жақсарғанын тек екінші жартыжылдықтың қорытындысынан көреміз. Бұл мұнайдың қымбаттағаны туралы мәліметтің Қазақстанның халықаралық сауда статистикасына кешігіп кіргізілуіне байланысты. Биылғы қорытынды бойынша Ұлттық банк төлем балансының ағымдағы шот тапшылығы 3,2 млрд долларға төмендейді деп есептейді. Тек ол үшін мұнай бағасы барреліне 60 доллар болуы шарт. Өткен жылы тапшылық 6,3 млрд доллар болған. Сонымен қатар, ағымдағы шоттың жақсаруы импорттың өсуін тежеп отыр. Ол бірінші жартыжылдықта 9,2%-ға өсіп, 17,5 млрд теңге болған еді. Әсіресе тұтыну тауарларының импорты 27,3%-ға өсіп, 5,8 млрд долларға жетті. Егер өткен жылдары негізгі драйверлер инвестициялық және аралық тауарлар болса, осы жылдың бірінші жартыжылдығында тұтыну тауарлар көп импортталды. Өзіңіз бағамдаңыз, жарты жыл ішінде тек автомобильдердің импорты 2020 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 2 есе өсіп, 683 миллион долларға жетті. Оның үстіне, бұл көрсеткіш тіпті 2019 жылға қарағанда 75% көп.

Осыған қарамастан, біз 2021 және 2022 жылдары төлем балансының айтарлықтай жақсаруын күтеміз.

- Әлем экономикасындағы ахуал әлі де тұрақсыз болып тұр. Бұл эпидемиологиялық жағдаймен де, геосаяси тәуекелдермен де байланысты. Сіздіңше осы факторлар Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін?

– Қазір біздің экономикамызға коронавирустың жаңа штамдары мен әлемде вакцинация әркелкі жүруі негізгі қауіп болып тұр. Бұл тәуекелдер жаһандық сұраныстың қалпына келуін тежеп, соның салдарынан мұнай бағасының өсімін кешіктіруі мүмкін. Халықаралық ұйымдар әлем экономикасының одан әрі көтерілуін көбінесе дамыған, дамушы елдердің фискалдық және монетарлық ынталандыру шараларын ескеріп болжауда. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, әлем экономикасы 2021 жылы 6%-ға өседі және 2022 жылы 4,9%-ға дейін баяулайды. Бұл сценарийде мұнай бағасы қолайлы күйінде сақталса, экономикамызға оң әсер етер еді. Бірақ мұндай сценарийде жаһандық инфляция үдеп, оның кесірі бізге де жетуі мүмкін. Осындай ішкі және жаһандық сын-қатерлерді ескерсек, бүгінгі жағдайда монетарлық шаралар шеңберіндегі талпыныстар жеткіліксіз екені анық. Инфляцияға қарсы саясатты үйлесімді үйлестіру маңызды. Инфляцияны тұрақтандыруға тек ақша-кредит саясатының құралдары ғана емес, атап айтқанда, Ұлттық банктің Үкіметпен бірлескен шаралары шешуші әсер етеді. Біздің бұдан былайғы әрекеттеріміз нақты және күтілетін инфляцияның серпініне байланысты болады. Үкіметтің инфляцияға қарсы бағытталған монетарлық емес факторлардың әсерін төмендету шараларын тиімді іске асыруына да көп дүние байланысты. Ұлттық банк тұрақты түрде инфляциялық процестерге мониторинг жүргізеді.


Жоғары қарай