Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлттық кеңесте көпбалы отбасылардың баспана мәселесі көтерілді

2020 жылдың 22 қазан 2020 15:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кеңес мүшесі Ләззат Қожахметова көпбалы отбасылардың баспана алуы мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үй саясаты саласында бір мезетте жеті мемлекеттік оператор жұмыс істейді екен. Бірақ, осы уақытқа дейін баспана кезегінде тұрған адамдардың тізімін ашық жариялайтын республикалық сайт жоқ. Яғни кім кезектен үй алды? Өз кезегімен алып жатыр ма? Жемқорлық фактілері орын алды ма? Осының барлығы ашық түрде сайтта көрінуі керек. Былтыр үй алғандар қазірдің өзінде кезекте тұр, кезек жаңармай жатыр», - деді Л. Қожахметова.

Бұдан бөлек, ол қазір Қазақстанда 30 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұрғанын жеткізді.

«Оларға арендалық баспана береді. Бірақ жалға берілетін пәтер мұраға қалдырылмайды, атына түспейтіндіктен, халық ипотека алып, өзінің аттарына түсетін меншік үй болғанын қалайды. Бұған байланысты бізде Қазақстанда «7-20-25», «5-10-20» деген бағдарламалар шықты және олар өте жақсы бағдарламалар деп санаймыз. Алайда, осы бағдарламамен үй алудың өзінің қиындықтары бар. Мәселен, осы екі бағдарлама бойынша тек жаңа үйлерге ғана ипотека беріледі. Жаңа үйлердің бағасы қымбат, 15 млн теңгеге бір бөлмелі ғана пәтер алуға болады. Төрт-бес баласы бар отбасыға бір бөлмелі пәтерді 20 жылға ипотекаға алу тиімсіз», - деді кеңес мүшесі.

Осы орайда, «5-10-20» бағдарламасымен ипотеканы екінші нарықтағы, яғни арзан әрі жөндеуден өткен үйлерге беру ұсынысы айтылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кеңес мүшесі коронавирустың бірінші кезеңінде дағдарыс орталықтарына жүгінген әйел мен бала көбейгенін айтқан болатын.

Оның сөзінше, көпбалалы отбасылар тарапынан бизнес курстарға деген сұраныс жоғары болды.


Жоғары қарай