Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлттық музейде мәдени мұраларға арналған жаңа зал ашылды

2021 жылдың 29 маусым 2021 20:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Астана күніне «Материалдық емес мәдени мұра» көрме залы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа зал ЮНЕСКО тізіміне енген Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларына арналған. Экспозиция 8 бөлімнен тұрады, мұнда қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасының элементтері, қолөнершілер мен аудиожазба ұсынылады.





Залдың ашылуына қоғам және мәдениет қайраткерлері, этнографтар және материалдық емес мәдени мұраны насихаттаушылар қатысады.

«Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қадамдар – төл дәстүрлерімізді, мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО тізіміне кіргізіп, сақтап қалу болатын. Оған бірінші қадам жасаған – танымал түркітанушы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков еді. Сол кезде ЮНЕСКО-ның талаптарына сай жұмыс істеп, ЮНЕСКО жанындағы материалдық емес мәдени мұралар жөніндегі ұлттық комиссияны өзі басқарды. Сол кездегі ерен еңбектің жалғасы ретінде бүгін Ұлттық музейден арнайы зал ашып отырмыз», - деді Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы залдың ашылуында.








Сонымен бірге, Мемлекет және қоғам қайраткері, Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов бұл залдың Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ашылуын – заңды құбылыс деп атады.

«Тәуелсіздігіміз болмай тұрғанда осы мұраның бәрінен айырыла жаздадық. Себебі өзінің дәстүрінен, тілінен, ділінен, рухынан айырылған ұлтты қаңбақша ойнатуға болатынын ұлы империялардың идеологтары жақсы түсінді де, сонау 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін дербес ойлайтын Алаш қайраткерлерінен кейін екінші қолға алғандары – руханият, мәдениет көсемдері болды. Сол арқылы халқымызды мәңгүртке айналдырғысы келді. Сол мәңгүрттікпен күресіп, біздің ағаларымыз қайтадан сананы жаңғыртуға еңбектенді. Ал бүгінде тек Тәуелсіздіктің арқасында Ұлттық музейіміз барша жинаған мәдени мұрамызды әлемге таныту мүмкіндігін алды», - дейді Ә. Бәйменов.





Оның айтуынша, бүгінгі залда ұлттық кодымыздың негіздері жинақталған.

«Әсіресе кезінде Алтын адамды жасап, үлкен шаһарлары болған, кейін табиғаттың өзгеруіне байланысты халықтың негізгі бөлігі көшпелі өмір сүрген халықтар материалдықтан гөрі, материалдық емес мұра байырақ болады. Арқаны алсаңыз, бізде зәулім тарихи ғимараттар жоқ, өте сирек, бірақ айтысымыз бар, күйіміз, жырымыз, керемет салт-дәстүріміз бар. Осының бәрі сіздердің еңбектеріңіздің арқасында әлемге танылады. Бұл – біздің тілімізді, ділімізді, болмысымызды қалыптастырушы факторлар. Бізді түсіну үшін осы мұраны түсіну керек. Сол себепті бүгінгі игі бастамаларыңыз өте маңызды, оған баянды табыс тілеймін», - деді Әлихан Бәйменов.





Атап өтсек, ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне: киіз үй жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары, дәстүрлі домбыра күйі өнері, суырып салма айтыс өнері, Наурыз мейрамы, қатырма дайындау және тарату мәдениеті, құсбегілік, ұлттық спорттық ойын – асық ату, Қорқыт ата мұрасы, қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары және тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны енгізілген.




























































Жоғары қарай