Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлттық санақты өткізуге кімдер, қандай жалақыға қабылданады

2021 жылдың 23 мамыр 2021 22:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы биылғы 1 қыркүйекте басталатын ұлттық санақты өткізуге қанша адам тартылатынын, оларға қойылатын талаптар мен жалақы көлемін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халық санағын өткізу үшін уақытша жұмысқа келесі талаптарға сәйкес келетін Қазақстан азаматтары тартылады: жасы 18-ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, компьютермен жұмыс жасай алатын. Жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды.

«Қазіргі уақытта 17 аймақтан жалпы саны 85 адамнан тұратын ұлттық санақты дайындау және өткізу жөніндегі штаттан тыс бөлімдер құрылды. Барлық қызметкермен еңбек келісімшарты жасалды, дәрежелеріне байланысты 65-105 мың теңге аралығында айлық еңбекақы белгіленді. Бұл бөлімдер өз аймақтары бойынша санаққа дайындық және өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде, уәкілдердің, нұсқаушы-бақылаушылардың және интервьюерлердің жұмыстарын бақылауда», - деді ведомстводан.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, санақты ұйымдастыру және өткізу үшін аудан орталықтарындағы және ауылдық округтердегі статистиканың аумақтық бөлімшелерінде 997 нұсқаушы (уәкілдер) жұмысқа тартылатын болады. Уәкілдердің еңбекақысы 85 477 теңгені құрайды. Сондай-ақ, айлықтың 10% мөлшерінде жалақыға үстеме қарастырылған.

Нұсқаушылардың міндетіне жатады: санақтың жүргізілуін БАҚ-та жариялауды ұйымдастыру; санақ қызметкерлерін таңдау, оларды оқыту және үйлестіру; санақтық аудандастыруды (тіркеу, нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу) құруды қамтамасыз ету; тұрғындар санағын өткізуге қатысу.

Мәліметтерді жинау бойынша тікелей жұмысқа уақытша 32 313 маман: нұсқаушы-бақылаушылар және интервьюерлер қабылданатын болады. Интервьюерлермен және нұсқаушы-бақылаушылармен ақылы қызмет көрсету бойынша келісімшарттар жасалады. Интервьюерлердің 1-ші және 2-ші кезеңнің жұмысына ақы төлеу толық көлемде қызмет көрсетілген жағдайда 30 күнге 83-104 мың теңгені құрайды. 1-ші және 2-ші кезеңнің нұсқаушы-бақылаушыларына толық көлемде көрсетілген қызмет үшін 45 күнге 125 014 теңге төлеу жоспарлануда. Интервьюерлер 1-30 қазан аралығында санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттердің үйлеріне барады. Олар сұрақтардың жауабын планшеттерге енгізіп алады.

2021 жылғы санақтың ұраны - «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!».

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде ұлттық санақ 2021 жылдың 1 қыркүйегі - 30 қазаны аралығында өтеді.

Қазақстандықтар барлығы 87 сұраққа жауап береді.

Ұлттық санаққа бірнеше жолмен қатысуға болады.

Халық санағы өтетін кезеңде call-орталық жұмыс жасайды.




Жоғары қарай