Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлттық ұланға жаңадан қабылданғандар Атыраудан Ақтауға ұшақпен аттанды

2020 жылдың 30 мамыр 2020 23:57

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Ұлттық ұланға жаңадан қабылданған 40-тан астам әскерге шақырылған жас Атыраудан Ақтауға ұшақпен аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, коронавирус індетіне байланысты шектеу шаралары жағдайында жастарды Ұлттық ұланның ведомстволық ұшағымен жеткізу ұйғарылды.

Олардың басым көпшілігі Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткісі келген екен, осылайша армандары орындалып отыр.

Әскерге шақырылушылардың әрқайсысы тестіден өтіп, сынама коронавирус жоқтығын көрсеткен. Оларға маска, қолғап, антисептиктер берілді.

Жаңадан қабылданғандар бармас бұрын Атыраудағы жинақ пункті және оларды тасымалдаған қызметтік көлік арнайы өңдеуден өткізілді. Сондай-ақ әскери киім беретін орын, медицина кабинеттері, уақытша тұрған жер, қызметтік бөлмелерде дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Сапқа тұрған кезде де арақашықтық сақталды. Ақтаудағы 6656-әскери бөліміне жеткеннен кейін жаңа келген жастар екі апта бойы карантинде болады.

«Әрине, толқып тұрмын. Балам үйден алыста қызмет ететін болады. Дегенмен ол әскери борышын абыроймен өтеп, үйге аман-есен оралады деп сенемін», дейді кіші ұлы Ерасылды әскерге аттандырған Жанна Қисметова.

-Бұл – әр адамның борышы. Сондықтан Ұлттық ұланға қызмет етуге ұсыныс жасалған кезде берік сеніммен келістім. Бір жылдан кейін де келісімшартпен қызмет атқара бергім келеді. Өйткені әскери қызметкер болуға толық жағдай жасалған. «Әскери өнім» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес үй алуға болады, медициналық сақтандыру да тегін, - деді Ерасыл Жұмабек
Жоғары қарай