Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ұлттық жоба: ШҚО-да тау-кен металлургия саласында академиялық үстемдік орталығы құрылады

2021 жылдың 3 қараша 2021 20:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында өңірлерде академиялық үстемдік орталықтары құрылады. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысында.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Жасұлан Шаймарданов бұл жаңашылдықтың салаға қандай серпін беретіні туралы ойын білдірді.

«Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ базасында Тау-кен металлургия саласында академиялық үстемдік орталығын құру жоспарланған. Ондағы мақсат – университет қызметін Шығыс Қазақстанда тау-кен металлургия саласын дамыту бағдарламасымен интеграциялау. Тау-кен металлургиясы дәстүрге бай сектор бола отырып, әлемдегі экономикалардың мамандануына ықпал ететін салалардың біріне айналды. Мұндағы жаһандық бәсекелестіктің қарқыны барынша экологиялық өндіріс жағына бет бұрып, жабдықтар мен технологиялық процестерді елеулі өзгерістерге ұшыратты», - дейді университет ректоры.

Оның айтуынша, тау-кен металлургия саласын дамытып отырған жаңа трендтер жаңа құзыреттерді қажеттілікті туындатып, кадр даярлау ісіне мүлдем тың міндеттер жүктеп отыр. Демек, бұл бағытта маман даярлайтын университеттер кадрларды технология көшінен 4-5 жыл алда жүруі керек.

«ШҚМТУ-да инженерлік білім берудің өзіндік моделі енгізіліп жатыр. Ол жоба «Индустрия 4.0» стандарты бойынша маман даярлайтын үздік әлемдік мектептердің бенчмаркингі ретінде іске асуда. Университет қабырғасында жаңа білім беру ортасы қалыптасып келе жатыр деуге болады. Түрлі бағыт бойынша 14 құзыреттілік және трансферт орталығы жұмыс істеп тұр. Университетте мамандарды кәсіпорындардың тапсырысы бойынша даярлау, оның ішінде «ҮМЗ» АҚ тапсырысы бойынша атом өнеркәсібі үшін кадрларды даярлаудың табысты тәжірибесі бірнеше жылдан бері табысты жүргізіліп келеді» - деді Жасұлан Шаймарданов.

Сөз арасныда ректор бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін ЖОО қандай шаралар қабылдайтынын айтты.

«Біздің оқу орнымыз 2022-2030 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасын әзірледі. Мақсатымыз – университеттің орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша технологиялық көшбасшылық пен үстемдікке қол жеткізу», - дейді ғалым.

Оның айтуына қарағанда, бұл істе бой түзейтін бенчмаркинг ретінде Массачусетс технологиялық университеті, Колорадо тау мектебі, Люблин техникалық университеті, ИТМО университеті, ресейлік «МИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университеті таңдап алынған.

«Біз коммерцияға бейім зияткерлік әлеуетті, жаңа технологияларды, технологиялық компанияларды құратын ғылыми-инновациялық қызмет моделін әзірлеуге және енгізуге ниеттеніп отырмыз. Сондай-ақ, білім алушыларға жоғары сапалы, практикаға бағытталған білім беруге, оларды табысты мансапқа жетелейтін білік пен дағдылармен қаруландыруға, өнеркәсіп пен жалпы қоғам мүддесіне бағытталған бағдарламалар мен ғылыми зерттеулер арқылы халықаралық деңгейде танылуға күш саламыз», - деді Жасұлан Шаймарданов.

Маман қазіргі таңда жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға бейімдеу барынша қажет екенін айтады.

«Біз инженерлік кадрларды даярлаудың CDIO тұжырымдамасына негізделген моделін әзірлеп, енгіздік. Соның арқасында біздің білім беру бағдарламаларымыздың сапасы артып, шетелдік әріптестеріміз бағалай бастады. Университеттің білім беру бағдарламаларының 86%-ы мамандандырылған ұлттық және халықаралық аккредиттеуден өтті. Алты бірдей білім беру бағдарламасының Еуропалық сапа сертификаты (EUR-ACE) бар. Осы бағдарламалар бойынша білім алған студенттердің дипломы Еуропалық Одақ аумағында жарамды. «Атамекен» ҰКП түзген рейтингте біздің университет үздік интегралдық нәтижелерді көрсетіп отыр», - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры.


Жоғары қарай