Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Үш облыста сән салоны, фармацевтика компанияларына асыл тұқымды мал өсіруге субсидия берілген

2021 жылдың 19 тамыз 2021 17:53

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 279 кәсіпкерлік субъектісіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидия берілген. Олардың қатарында сән салоны, фармацевтика компаниялары, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлікті жөндеу және т. б компаниялары болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың Павлодар облысына жұмыс сапары барысында айтылды.

Сапар барысында ведомство басшысы мен облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының Ситуациялық-талдау орталығының жұмысымен танысты.




Орталық жедел басқару шешімдерін қабылдау және өңір дамуының аса маңызды көрсеткіштерін мониторингілеу, талдау және болжау үшін құрылған. Мұнда төраға мен аймақ басшысына «Е-нәтиже» ақпараттық жүйесінің жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ, агенттік төрағасы өңір активімен кеңес өткізді.

Марат Ахметжанов агенттік қызметіндегі басты басымдық – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту екенін атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын ешкім жойған жоқ деп ерекше атап өткім келеді. Бұл зұлымдықпен біз барынша аяусыз күресетін боламыз», – деді М. Ахметжанов.

Ведомство басшысы барлық мемлекеттік органдарда жобалық басқаруды енгізу туралы тағы бір талап барын айтты.

«Бұл талап Үкімет қаулысымен бекітілген. Жобалық басқару жүйесінің негізгі бағыттарының бірі – «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл». Оны агенттік үйлестіретін болады», – деп атап өтті спикер.

Антикор басшысы инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы саласындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, «ҚазАгро» және микроқаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді.

Марат Ахметжанов Президенттің тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына жүргізіліп жатқан ауқымды талдау туралы айтып берді.

Атап айтқанда, жүргізіліп жатқан жұмыстың аралық нәтижесі ұсынылды. Осы ретте, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірмейтін кәсіпорындарға субсидия төлеу фактілері анықталды. Мысалы, Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 279 кәсіпкерлік субъектісіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидиялар берілді. Олар: сұлулық салондары, фармацевтикалық компаниялар, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлікті жөндеу және т. б.

Сөз соңында М.Ахметжанов мұндай жауапсыздықтың және ауыл шаруашылығы басқармаларының тарапынан бақылау болмауының салдарынан жалпы сала зардап шегіп отырғанын айтты. Өз кезегінде, кездесуге қатысушылар өтінім беруден бастап субсидия берілгенге дейінгі аралықта ашықтықты қамтамасыз ету бойынша ұсынысын жариялады. Сондай-ақ, субсидия беру мәселелерінде сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнесті жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою бойынша шаралар ұсынды.








Жоғары қарай