Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Үй кезегінде тұрған 200-ден астам астаналық баспаналы болады – әкім

2019 жылдың 20 желтоқсан 2019 20:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Желтоқсан айының соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 200-ден астам елорда тұрғыны қоныс тойын тойлайды.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үй жинақ банкі» Елбасының тапсырмасына сәйкес қолжетімді баспана бағдарламасының орындалуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Егер сандарды сөйлетсек, 200 мыңнан астам елордалық осы жинақ банктен өз есепшотын ашқан. Осы орайда қуанышты жаңалықпен бөлісе кетейін. Келесі аптада Тұрғын үй жинақ банкінің баспана кезегінде тұрған салымшыларына 200-ден астам пәтер кілтін табыс етеміз. Ал келесі жылға осы банк және «Бәйтерек» холдингімен бірігіп тұрғын үйдің санын арттыруды көздеп отырмыз. Нақты жоспар бар және оған қол қойылды», -деді А. Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, биылдың өзінде 50 мыңнан астам астаналық тұрғын үй жинақ банкінен өз есепшотын ашты.

«Осыдан 16 жыл бұрын Елбасының бастамасымен ТМД аумағында алғаш рет Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі құрылды. Осы уақыт ішінде біздің салымшылардың саны 1,5 млн-ға дейін өсті. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан қаласында 10 мың отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде 850 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болды. Бүгінгі жаңа кеңсенің ашылуына орай, баспаналы болған отбасылардың балаларына жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілуде. Елбасының тапсырмасына сәйкес келесі жылы тұрғын үй саласына бөлінетін қаржы 100 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл дегеніміз елорда бойынша 2 мыңға жуық, ал Қазақстан бойынша 10 мың отбасы тұрғын үйлі болады деген сөз», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Айта кетсек, бүгін Нұр-Сұлтанда Тұрғын үй жинақ банкінің жаңа кеңсесі ашылды. Онда 70-ден астам маман тұрғын үйге қатысты қызметтің барлық түрін көрсетеді.

Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Тұрғын үй, Нұр-Сұлтан, Банктер,
Жоғары қарай