Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Вакцина алған ана: Екпе жарнамалайтын дәрі емес, денсаулық үшін қажет

2021 жылдың 15 қараша 2021 18:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық жас ана Гүлфайруз Ысқақова бүгін алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын салдырды. Осы орайда емізулі ана екпе алғаннан кейінгі өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен жас анамын 2 айлық балам бар. Негізі вакцинаны жүкті кезімде алғым келген, оған рұқсат болмады. Сосын бізге Pfizer әкеледі дегеннен кейін екпе салдырам деп нақты шештім. Міне бүгін алғашқылардың бірі болып вакцина алып отырмын. Дәл қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын, кері әсері байқалмайды. Мен вакцина алуға жүкті кезімнен дайындалып жүрдім, тек рұқсаттың берілуін күтіп жүрдім. Сондықтан ешқандай ешқандай сенімсіздік, үрей жоқ. Оның үстіне отбасымда менен басқасының бәрі екпе алған. Және мен үшін қандай вакцина салдырғаным маңызды емес, маңыздысы оның тиімділігі. Бізге Pfizer-ді салуға рұқсат деді. Тиісінше мен сол вакцинаны алдым», - деді Гүлфайруз Ысқақова.

Сондай-ақ, жас ана қоғамда вакцина төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерге қатысты пікір білдірді.

«Өз басыма келсем, мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Өз еркіммен алдым. Себебі менің отбасым, жақындарымның барлығы алған, сондықтан мен де екпе салдыруым керек деп шештім. Вирус тез тарайды, менің үлкен ата-анам бар, менің балаларым бар. Мен соларды ойлаймын. Одан бөлек, адамда қоғам алдындағы жауапкершілік болу керек. Айналамдағылардың бәрі вакцина алып індеттен сақтанып жатқанда, мен неге қалыс қалуым керек. Және мен басқа аналарға вакцина алуға кеңес беремін, бірақ біреуді мәжбүрлеп көндіруден аулақпын. Әркімнің еркі мен сана-сезімі бар. Бүгінде барлық мемлекет халқының толықтай вакцина алуы үшін бар күшін салып жатыр. Екпе жарнамалайтындай дәрі емес, бұл алдымен денсаулық үшін қажет. Оның үстіне тиімділігі ғылымда дәлелденген», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада Pfizer вакцинасын салу процесі басталды. Екпені алғаш болып 17 жастағы астаналық жасөспірім салғызды.

Одан бөлек, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан вакцина алғысы келетін жүкті әйелдер мен емізулі аналардың қатары көп екені хабарланды.


Жоғары қарай