Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Вакцина паспортын қолдан жасау бойынша 60-тан астам қылмыстық іс қозғалған

2021 жылдың 23 шілде 2021 19:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Вакцина паспорты вирустан қорғай алмайды. Оны қолдан жасатқандардың бәрі түбі бір әшкере болады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарға осындай үндеу тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір вакцина паспортын қолдан жасау әрекеттерімен қатты күресіп жатыр. Біз бұл іске құқық қорғау органдарын араластыру туралы бастама көтерген болатынбыз. Мемлекет басшысы бұл мәселемен нақты айналысуды тапсырғанын білесіздер. Қазірдің өзінде 60-тан астам қылмыстық іс қозғалды. Мұндай әрекеттердің жолы қатаң түрде кесіліп жатыр. Жарнамалаған сайттар бірден бұғатталуда. Оны орналастырған адамдар қылмыстық қудалауға алынады. Қазір вакцина паспортын жарнамалаған мәліметтер саусақпен санайтындай деңгейге түскенін көріп отырмыз. Әрбір жарнама жойылып, оның артындағы адамды анықтауға жедел уәкілдер кірісіп жатыр. Қазір ұсыныстардың саны азайды. Өйткені қатаң шаралар қабылданып жатыр. Бұған дейін санасына жетпегендер бұл әрекет қатты қудаланып жатқанын түсінді», - деген министр жалған вакина паспортын сатып алуды ойлап жүргендерге қайырылды.

«Жалған паспорт адамды коронавирустан қорғамайды. Реанимацияға түсуден қорғайтын қабілеті жоқ жалған құжаттың. Бұл өз-өзіңді алдау ғана. Жалған құжат жасатқандардың бәрі ерте ме, кеш пе, бәрі бір әшкере болады. Өйткені біз сәйкестендіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Вакцина сатып алуға тырысқандардың бәрі қатаң жазаланатын болады. Барша азаматтарды тәртіп сақтап, заңнан аттамауға үндеймін», - деді ведомство басшысы.


Жоғары қарай