Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Вакцинадан полицей қайтыс болды»: БҚО-да фейк-аудиожазба авторы ұсталды

2021 жылдың 12 мамыр 2021 18:46

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерінің коронавирусқа қарсы екпе салдырғаннан кейін қайтқаны жөнінде жалған хабар таратқан әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, әйелдің полиция қызметкерінің екпенің кесірінен көз жұмғаны жөніндегі аудиожазбасы әлеуметтік желілерде таралып кеткен.

«Полиция қызметкерлері әйелдің кім екендігін анықтады. Ол бейнежазбасында өзінің жалған хабар таратқаны жөніндегі қателігін түсініп, кешірім сұрады. Әйел полиция қызметкерінің неден қайтқанын білмей тұрып, көлікте естіген хабардың анық-қанығына жетпестен, ашу үстінде аудиожазбаны көршісіне жіберген. Көршісінің жолдасы арқылы жалған жайтты одан әрі таратып жіберетінін ойламаған. Яғни қасақана жалған хабар тарату ойы болмағандықтан, қылмыстық іс қозғалмауы мүмкін, бұл мәселе шешілуде. Полиция қызметкері шын мәнісінде жүрек талмасынан қайтыс болған. Сондай-ақ Бөрлі ауданы полиция бөлімі үш қызметкерінің қайтыс болғаны жөніндегі мәлімет те шындыққа сәйкес келмейді. Тұрғындардан анық емес ақпаратты таратпауды сұраймыз. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 58 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай