Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Вера Ким: Асарлатуды сөзбен емес, іспен дәлелдеу - адамшылықтың ең биік қасиеті

2020 жылдың 12 қараша 2020 10:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы мақсатпен Президенттің қатысуымен «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімі де өтті. Бұл саладағы жобаларды үйлестіріп, қоғамдық мониторинг жасап, оқыту, насихаттау жұмысын жүргізетін орталықтың жұмысына қатысты жұртшылық өздерінің оң пікірлерін білдіріп те жатыр.

Жалпы қазаққа волонтерлік деген жат емес. Асарлатуды атам қазақ өмірінің салтына айналдырғаны бесенеден белгілі. Көшпенді қазақ жайлаудан күзеуге, одан соң қыстауға көшіп-қонып жүрген заманда асарлатып, көмекке шақырып бірігіп шаруаны тыңдырып отырған. Бертін келе, асарлатуды біз волонтерлік деп атай бастадық. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін елімізде еріктілердің еңбегі қалай басталды, қазіргі таңда қалай жалғасын тауып жатыр? Осы орайда біздің тілшіміз еліміздегі Ұлттық волонтерлер желісінің басшысы Вера Александрқызы Киммен сұхбаттасқан еді.

- Мен қасиетті қазақ жерінде өмірге келдім. Павлодарлықпын. Студенттік шағым Алматы қаласында өтті. Сол кезеңде мен волонтерлік жұмыспен таныстым. 2000 жылы университетте оқып жүргенде маған таныстарым әлеуметтік жобаларға қатысуды ұсынды. Ол кезде мен еріктінің кім екенін және оның не істеп жатқанын да білмейтінмін. Бірақ еріктілермен жұмыс істей жүріп, мен адамдардың көмекке мұқтаж екен түсіндім. Осылай волонтерлікпен үш ай айналысып жүргенде, мен балалар үйінің тәрбиеленушілерін театрға апаратын болдық. Сонда театрда отырған кішкентай бала менің қолымды ұстап, болашақта өзінің үлкен отбасысы болатынын және өз балаларын осылай театрға әкелетінін айтты. Кішкентай бүлдіршіннің аузынан мұндай сөз шығатынын күтпедім, жетім бола тұра ол отбасы жайлы жоспар құрып отырды, өз балалары туралы армандады. Менің көзіме еріксіз жас келіп, көңілім босап қоя берді. Бұл жағдай менің өмірімнің өзгеруіне алып келді. Осы күннен бастап мен волонтерлікті серік еттім...




2001 жылы мен Павлодар қалалық әлеуметтік еріктілер орталығында ерікті болып жұмыс істей бастадым. Осы уақыт аралығында Павлодарда менің тікелей қатысуымен еріктілер орталығы көптеген әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырдық. Жасөспірімдерге, жастарға және олардың ата-аналарына арналған сенім телефоны ашылды. Мектептер жанынан еріктілер жасақтарының жұмысы дұрыс жолға қойылды деп айтсам, мақтанғаным емес. Мен үшін ең үлкен жетістіктердің бірі – павлодарлықтардың еріктілер жұмысына деген қызығушылығының артуы болды. Яғни, волонтер қозғалысының жұмысына тікелей қатысқысы келетіндердің саны арта бастады. Елдегі еріктілер қозғалысының дамуымен мен де өстім деп айта аламын. 2006 жылы мен АҚШ-қа «Қоғамдық байланыстар» бағдарламасы бойынша іс-сапарда болдым. Бұл менің өмірімдегі маңызды сәттердің бірі еді. АҚШ-қа менімен бірге Қазақстаннан 10 қоғамдық ұйымдардың жас көшбасшылары тәжірибе алмасу үшін сапар шекті. Онда мен американдық әріптестердің тәжірибесімен танысып қана қоймай, сонымен бірге қазақстандық еріктілер ұйымдарын біріктіру идеясын іске асыруды ойладым. Менің ойымша, біріктіру арқылы барлық ресурстарды ұлғайтуға және оңтайландыруға, оны әрі дамудың жаңа кезеңіне өтуге мүмкіндік береді. Ұлттық еріктілер желісі Қазақстанда осылай пайда болды. Осы уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Ең ірі деген шараларға тоқталып өтсем, ол – VII Азия қысқы ойындары, ЭСКАТО елдерінің Қоршаған орта министрлерінің конференциясы, Баскетболдан әлем чемпионаты, EXPO-2017 шараларында біздің волонтерлер тапжылмай қызмет етті. Одан соң Атырау мен Қызылорда қалаларында алғашқы корпоративті волонтерлік бағдарламаны әзірлеу мен жүзеге асырудың бастамашыларының бірі болдым. «Еріктілер туралы заң» жобасын талқылау бойынша жұмыс тобына қатысып, Заң 2016 жылдың 30 желтоқсанында қабылданды. Мен үшін бұл үлкен жетістіктердің бірі. Әрине, мен бұл жұмыстарды жалғыз істемедім, мені қолдайтын қоғамның бетке ұстар азаматтары мен белсенділері болды. Өз күшімізді біріктіре отырып, біз осындай жемісті нәтижелерге жеттік.




- Президент Жарлығымен 2020 жылы Волонтер жылы деп жарияланды. Әлемді жайлаған пандемия кезінде волонтерлік жұмыстың артқаны белгілі. Бәлкім, біздің Президентіміздің көрегенділігі болар, жылды еріктілерге арнауы бекер емес... 2020 жылы Волонтерлер жылы қандай өзгеріс алып келді?

- Иә,2019 жылдың тамыз айында Президентіміз 2020 жылды Волонтерлер жылы болсын деген жарлыққа қол қойды. Сол уақытқа дейінгі істелінген жұмысты біздің желі ары қарай жандандырды. Волонтерліктің 7 жалпыұлттық «Bilim», «Sayliq», «Sabaqtastyq», «Taza alem», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit» бағыттары бойынша дамыта бастадық. Яғни, волонтерлік қызмет білім, денсаулық, экология, медиа, жануарларды қорғау сынды түрлі бағыт бойынша жұмыстарын одан әрі жандандырды. «Біз біргеміз» деген қанатты сөздерді басты ұран етіп, жастардың волонтерлық жұмысқа жұмылуына мұрындық болдық. Осы жылдың ішінде республика көлемінде 1000-ға жуық волонтерлік жұмыстар жасалынды. Сондай-ақ республика көлемінде 80-ге жуық қоғамдық ұйымдар мен белсенді топтармен бірігіп жұмыс жасаймыз. Пандемия кезіндегі жұмыстарды бөлек атап өтуге болады. Себебі, осы пандемия қоғамдағы ушығып тұрған мәселелердің бар екенін анық көрсетіп берді.




- 2020 жылы наурызда тұтқиылдан келген пандемия еліміздің әрбір саласына қатты әсер етті. Дәл осы пандемия кезінде волонтерлердың еңбегі зор болды. Өздеріңіз тарапыңыздан атқарылған жұмыстарға жеке дара тоқталып өтсеңіз...

- Пандемия кезінде дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі қатты байқалды. Маусым және шілде айларында еліміз бойынша өлім-жітім көп болды. Дәл осы уақытта волонтерлер бірігіп, шілдеде «Қоғамдық бақылау» ұйымы пайда болды. Бұл ұйым республиканың әрбір облысында өз қызметін қазіргі уақытта да атқарып отыр. Біздің ұйым дәріханалардағы дәрілердің бар-жоғын мониторинг жасадық. Сондай-ақ емханаларда заман талабына сай модульды құрылғылармен қамтылған ба, соны бақыладық. Әдеттегі қолжетімді парацетамолдың дәріханаларда болуын қадағаладық. Әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашып, республика бойынша қай жерде қандай дәрілер бар жоқ тізімін жариялап отырдық. Емханалардағы медициналық құрылғылардың бар-жоғын тексердік. Аймақтарда не жетіспеді соны ресми парақшаларда жариялап отырдық. Бір мысал келтірейін, Павлодарда компютерлік томографияның жоқ деген ақпарат түсті. Біз сол аймаққа іс-сапарға шықтық. Әкімнің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасарымен кездесіп, ол жақта жетіспеушілік бар екені байқалды. Біз медициналық орталықтарға барып сұрадық, қалай көмек бере аламыз деп, медицина қызметкерлері тәулік бойымен жұмыс істей алатынын айтты, бірақ оларға рұқсат жоқ екенін атап өтті. Әкім кездесуінде осы мәселені қозғадық. Біз кеткен соң, бір аптада бұл мәселе шешіліп, халықты томография және оттегімен қамтамасыз ететін аппараттар тәулік бойы қызмет ететін болды. Яғни, мұндай қоғамдық бақылау өте қажет. Біз халықтың қиналмай, дұрыс қызмет алуын қалаймыз. Біз өз көзімізбен көрген кемшілікті жойып, оны болдырмауды көздейміз. Жалпы біздің қоғамда тексеру дегенді қорқынышпен қарсы алады, ал шын мәнінде «Қоғамдық бақылау» туындаған мәселені шешуді қалайды.

- Қоғамдық бақылау тегін қызмет ете ме?

- Ия, біз тегін қызмет ететін топпыз, өз еркімен қоғам өмірін жақсарту үшін құрылған белсенділердің бірлескен ұйымы десе болады. Біздің мақсат – елде қиын мәселе туындаса, соны жариялау, көрсету, жеткізу. Біз сынайтын мекеме емеспіз, біз мәселені көріп, оны жергілікті мемлекеттік органдарға жеткізіп, бірігіп қиындықтан шығудың жолдарын іздейтін ұйымбыз деуге болады. Республика көлемінде Саида Таукелева, Лима Диас сынды қоғам белсенділері мен басқа да волонтерлер аталған ұйымда қызмет етіп келеміз. Әркім өз қызметін адал атқарса, қоғам түзелері сөзсіз. Біз билік пен халық арасындағы көпір болғымыз келеді, біздің мақсат – халықтың жағдайын жақсарту. Біз өзімізді еріктілер тобы деп атаймыз. Бізді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдады. Министр Цой мырза да Ұлттық волонтерлер желісінің жұмысына да жақсы баға берді. Пандемия кезінде алғашқылардың болып біздің желі өз жұмысын ойдағыдай атқарды және алдағы уақытта да жұмысын жалғастырады. Біз бала-бақшалар, базар, ХҚКО-на да тексердік, яғни олар карантин жағдайында санитарлық нормаларға сай жұмыс істеп жатыр ма деген мақсатта.

- Халықаралық ұйымдармен қазіргі таңда байланыстарыңыз қандай?

- Пандемия кезінде халықаралық ұйымдармен де жұмыстарымыз жалғасты. Мәселен, жақында Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Елшілігімен біріге Корея Республикасы Үкіметінің қаржылық қолдауымен KOICA Түлектер қауымдастығының тарапынан коронавируспен күресуде қайтарымсыз көмек ретінде Павлодардың мектептеріне 416 мөлшерлегіш құрылғылар мен антисептиктерді тегін берді. Яғни, карантин кезінде халықаралық ұйымдар тарапынан демеушілер табылып, аймақтағы оқушыларға материалдық көмек үйлестірілді. Біздің Ұлттық волонтерлер желісінің волонтерлері дер кезінде медициналық құрылғыларды жеткізіп беріп отырды. Сондай-ақ қиын кезеңдерде волонтерлер қатарына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызы Балаева ханым өз ұлымен келіп, медициналық құрылғыларды қораптарға салып, түні бойы бізге өз қол ұшын созып, үлкен көмек көрсетті. Бұл дегеніміз ұлтқа қызмет етудің айқын көрінісі. Егер де бізді – волонтерлерді қолдамағанда, біз үлкен жетістіктерге жетуіміз екіталай. Ұлттық кодымыздағы бар қасиетіміз – асарлатуды сөзбен емес, өз ісімен дәлелдеу, адамдықтың ең дұрыс қасиеті деп білемін.

- Волонтерлердің респуб­ли­калық фронт-офисінің ашылуына арналған жиынға қатысқан еріктілер бірнеше бағыт бойынша нақты мәселеге көз жеткізіп, өз істерін алаңсыз жал­ғастыруға және жұмыстарын ынталандыруға қатысты ма­ңызды сұрақтардың жауабын тапты деп ойламын. Өзім екі нәрсені анық бай­қадым. Біріншіден, Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлердің атқарған жұмысының заңды негізі жасалатынын айтты. Ендігі жерде жастардың волонтерлікке арнаған жылдары еңбек өтілі ретінде есепке алынатын болды. Бұл – біз үшін көптен күт­кен жағымды жаңалық болды. Енді волонтерлердің қатарына сұранушылардың легі көбейеді деп ойлаймын енді. Сондай-ақ олардың еңбегіне қарай көтермелеу ақысымен, стипендиямен ынталандыру шешілмек. Бұл да волонтерліктің беделін көтеріп, олардың қызметіне деген құрметті арттырмақ. Ұлттық волонтерлер желісінің жоспары қандай?

- Волонтерлік қызмет тек Волонтерлер жылымен тоқтап қалмауы керек. Адам жүрегімен, ісімен волонтер болу керек деп есептеймін. Пандемия біздің қоғамдағы көп құндылықтардың транформациялануына алып келді. Біздің азаматтарымыздың санасы өзгерді. Әрине, өкініштер бар. Қаншама қарияларымыз бен жақсы-жайсаңдарымыз індеттен көз жұмды. Алдағы 2021 жыл біздің Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Отыз жыл өмірімізде барымызды бағалап, өткенімізге тәубе деп, болашағымызды бағамдайтын жыл деп сенемін. Ұлттық Волонтерлер желісінің жұмысы тоқтамайды. Алға қойған мақсаттарымыз көп. Салааралық волонтерліктің дамып, көркеюіне сенімдімін. Волонтерлік қызмет – бұл жүректің қалауымен жасалынатың адал жұмыс. Менің арманым әрбір қазақстандық азамат жүрегімен волонтер болып, еліміздің көркеюіне үлес қосса. Ұлттық кодымызда бар асарлық қасиет асқақтай беретініне сенімдімін...

Сұхбатыңызға рақмет!



Жоғары қарай