Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Вируспен күресте адамның жасына қарағанда иммунитеті көп рөл ойнайды - ғалым

2020 жылдың 3 тамыз 2020 14:27

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүкіл әлемге қауіп төндірген коронавирус инфекциясы соңғы мәліметтерге сәйкес әлемде 18 млн адамға жұғып үлгерген. Оның ішінде 700 мыңға жуық адам көз жұмған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ)таратқан мәліметке сәйкес, ауырған адамдардың жас ерекшелігі әр елде әртүрлі болған. Мәселен, Италияда көбіне 60-63 жастағы егде адамдар ауруға шалдықса, АҚШ-та ауырғандардың 50% 55 жасқа дейінгі азаматтар. Ал Оңтүстік Кореяда 20 жастағы жастар арасында COVID-19 көп тіркелген.

Қазақстан бойынша жас ерекшелігіне қатысты статистикалық дерек әр өңірде әртүрлі.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас анестезиолог реаниматологы, медицина ғылымдарының кандидаты Тілеуберді Қуандықов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осы аталған мәселелер төңірегінде әңгімеледі.

- COVID-19 адамның жасы қаншалықты ықпал етеді ?

- Бұл жерде адамның жасынан гөрі, ағзаның иммунитеті бірінші рөл ойнайды. Егер иммунитеті күшті адам болса, вирустық ауруға көп шалдыға бермейді. ДДСҰ халық жасын бірнеше категория бойынша бөледі:

Жас - 18-44.

Орта жас - 45-59.

Егде жас - 60-74.

Қарттық— 75-90.

Кәрілік — 90+

Аурудың ауыр не болмаса жеңіл өтуі жасқа да байланысты. Адамның жасы ұлғая келе, зат алмасу процесі бәсеңдейді. Оған сәйкес ағзаның иммунитеті де әлсірейді. Қазір тек егде кісі емес, жастар да жиі ауыратын бірқатар созылмалы аурулар бар. Алайда, бұл қарт кісілер ғана ауырады деген сөз емес. Себебі, кейбір үлкен кісілерде мүлде қосымша аурулары болмайды. Керісінше созылмалы аурулары бар жастар көп кездеседі.

- Оның ішінде қандай ауруларды айтуға болады ?

- Бірінші кезекте қан диабетін айтар едім. Бұл эндокриндік жүйенің ауруы. Ол көбіне тамырларды зақымдап, зат алмасу процесін нашарлатады. Диабет басқа органдарды да зақымдайды. Сол үшін вирустық пневмониямен күресте диабет ауруының бар-жоғы үлкен рөл ойнайды. Сонымен қатар, артық салмағы бар пациенттер де қауіп тобына кіреді. Себебі, олардың өкпесінің тыныс алу мүмкіндігі төмен болады. Ал коронавирус көбінесе өкпені зақымдайтынын ескерсек, онда бұл ауру семіз адамдарда ауыр өтеді. Сонымен қатар, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, бронхит, астма, өкпе жеткіліксіздігі бар адамдарға бірінші кезекте қауіпті.

- Онкологиялық аруы бар науқастарға қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек ?

- Кез келген онкологиялық ауру, оның ішінде әсіресе лейкозы бар адамдар ауру жұқтырса, жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Себебі, оларда иммундық клеткалар - лейкоциттер онсыз да зақымданған болады. Сонымен қатар, олардың иммунитеті химиотерапия препараттарымен одан әрі әлсірей түседі. Сәулелі терапияда керіс әсер көп болады. Көптеген аутоимундық ревматизм, жүйелі қызыл жегі, склеродермия деген сияқты ауруларда да жағдай қиын болады. Себебі, аутимундық ауру дегеніміз ағзаның кейбір иммундық клеткаларының өз клеткаларын танымай, оларды шабуылдауынан болады. Ондай адамдар керісінше дәрімен үнемі иммунитетін түсіріп отыруға тура келеді. Әйтпесе, аутоиммундық ауру қозып кетеді. Ал бұл жағдайда ағза мүлде вируспен күресе алмайды. Дәл осы категорияға бауыр циррозымен ауыратын адамдар да жатады. Бұл науқастардар әу бастан иммунитеті төмен болады.

- Соңғы уақытта қан тамырларына қатысты тың зерттеулер шығып жатыр. Осы орайда жүрегі ауыратындар да қауіп тобына кіреді ғой ?

- Иа, әлбетте. Көбінесе жүрек ауруларына тыныс алу жеткіліксіздігі, аяқтың ісінуі тән болып келеді. Олар көп физикалық жаттығу жасай алмайды. Ағзаның бұл ерекшелігі қан тамырларындағы қан айналымы нашарлауына әкеледі. Жүректе ғана емес, өкпедегі қан тамырлары бітелсе сұйықтық тұрып қалады. Сол үшін жүрегі ауыратындар коронавирус жұқтырса әдетте ауыр өтеді. Ал бүйрегі толық істемейтін науқастарда ағзадан шлактардың шығуы қиын болады. Қалыпты жағдайда бұл уытты заттарды бүйрек шығаруы тиіс. Уланған ағзаның да иммунитеті төмен болатыны анық. Өткір бүйрек жеткіліксіздігі бар адамдарда ағзада шлакпен бірге су жиналады. Бұл сұйықтық өкпеге де толады. Сондықтан, қауіп тобына бүйрек жеткіліксіздігі бар адамдар да кіреді. Егер адамда қай жаста болсын қосымша ауруы жоқ болса COVID-19 жазылу мүмкіндігі жоғары болады.

- Әңгімеңізге рахмет.


Жоғары қарай