Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Заңсыз жұмыс жүргізетін туркомпаниялар көлеңкеден шығарылмақ

2019 жылдың 12 наурыз 2019 19:44

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалпыға ортақ декларациялау заңсыз жұмыс жүргізетін туристік компаниялардың қызметін бір ретке келтіріп, оларды көлеңкеден шығаруға ықпал етпек. 2020 жылы басталатын жаппай декларациялау үрдісіне «Туристік Қамқор» Корпоративті қоры осындай сенім білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туристік қамқордың» хабарлауынша, Қазақстанда тіркелген барлық туркомпаниялардың жартысынан астамы заңсыз жұмыс істеуде. Екі жылдан астам уақыт бұрын шетелге шығу туризмі саласында азаматтардың құқықтарын кепілдендіру жүйесі іске қосылғанына қарамастан, барлық қатысушылар заңға сәйкес қызмет көрсетпей жатыр.

«Туризм нарығының айналымында бұрыннан бері қолма-қол ақша жүреді. Көп жағдайда оларды бақылау мүмкін емес. Яғни, кейбір нарық мүшелері қалыптасқан жағдайды пайдаланып, барлық келіп түсетін табысты декларациялаудан жалтарады, жүргізетін қаржы операцияларының көлемін жасырады. Бұған мемлекет қазынасына түспейтін салықты есептей беріңіз», - дейді «Туристік Қамқор» Корпоративтік қордың директоры Асылхан Есілов.

Оның айтуынша, Үкімет әр туроператорда банк кепілі мен туркодтың болуын міндеттеп отыр. Тек туристердің құқықтарын қорғау ғана емес, сонымен бірге туроператордың сатып отырған өнімінің заңдылығын бір ретке келтіру бастамасы қолға алынған.

Сарапшылар жаппай декларациялаумен мемлекеттік органдардың жауапкершілігі арта түсетініне сенімді. Мемлекеттік кірістер органы туристік қызметтер ұсыну саласын тәртіпке келтіреді.

Асылхан Есілов туристік нарықтың заңсыз туркомпаниялары нарықта қалыптасқан жағдайды өз пайдасына шешіп, түрлі айла-амалға, қулыққа барып жатқанын атап өтті.

«Көптеген туркомпаниялар шетел туроператорларымен тікелей жұмыс істеуге көшкен, яғни қажетті жарналар мен делдалдық қызметтерді, сондай-ақ банк қызметтерін, салықтарды, валюта айырбастауды, курстағы жоғалтуларды және сол сияқты төленуі тиіс жарналарды төлемей кетеді. Өйткені олар қолма-қол ақша алады және шетелге де қолма-қол ақша күйінде жібереді. Сол себепті, туристік нарықтың ойыншылары 2020 жылғы 1 қаңтардан бастан енгізілетін жалпыға ортақ декларациялауға мол сенім артып отыр», - дейді Асылхан Есілов.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Экономика, Туризм,
Жоғары қарай