Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Зарема Шәукенова: Соңғы 30 жыл драмалық оқиғаларға толы болды

2021 жылдың 28 маусым 2021 22:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеу институтының директоры Зарема Шәукенова Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық шиеленістерден туындайтын демографиялық тәуекелдердің алдын алудағы рөлі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зарема Шәукенова Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің отырысында 30 жыл ұйымның даму жолына қысқаша шолу жасады.

«Соңғы 30 жылдың оқиғаларын ел тарихындағы ең бір драмалық оқиғалар деп атауға болады. Бірқатар посткеңестік елде бұл кезеңде этносаралық шиеленістер мен түрлі қақтығыстар болды. Қазақстанға оқиғалардың мұндай бағытпен өрбуі ұлттың демографиялық әлеуеті тұрғысынан да, адами капиталдың дамуы тұрғысынан да түрлі тәуекелдер туындатуы мүмкін еді.

Табиғи ресурстардың молдығына қарамастан, Қазақстанның басты байлығы – оның халқы. Сондықтан, аталмыш кезеңде халықтың саяси-этникалық құрамы тұрақтылыққа қауіп төндіретіндей болып көрінгеніне қарамастан, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ахуалға тың көзқарас ұсынды», - деді орталық директоры.

Оның айтуынша, халықтың саяси-этникалық құрамының әркелкілігін қоғамның артықшылығы ретінде дамыту идеясын іске асыру оңай болмаған.

«Осы идеяны іске асырудың негізгі құралының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы болды. 26 жыл қызметінде ҚХА тәуелсіздіктің нығаюына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі таңда Ассамблеяның алдында бүкіл Қазақстанның мәдениетін дамыту, ұлттың бәсекеге қабілетін арттыру, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, мемлекеттік тілді дамыту міндеті тұр.

Ассамблея түрлі құралдарды пайдаланып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Әкімдіктер жанындағы қоғамдық келісім кеңестері ұйымның қауқарлы құралына айналды. Диалог кеңістігін қалыптастырудан өзге қоғамдық келісім кеңестері этникалық мазмұндағы шиеленістердің алдын алу және түйінін реттеу бойынша практикалық шешімдер қабылдайды», - деді Зарема Шәукенова.

Сарапшы Ассамблеяның танымал тұлғалары бүгінде елдегі заңнаманы жетілдіруге ықпал еткенін атап өтті.

«Осы істерді әдістемелік және ақпараттық сүйемелдеу ісінде ҚХА жанындағы медиация институтының рөлі маңызды. ҚХА ел заңнамасын қалыптастыруда елеулі үлес қосуда. Ассамблеяның депутаттық тобы жалпықазақстандық тұтастықты нығайтудағы және этносаралық қарым-қатынас саласындағы мәдени бағыттарды дамытудағы мемлекеттік саясатты іске асыруға мүмкіндік беретін бастамаларды заңнамалық тұрғыда бекітуге күш салуда. ҚХА Қазақстан жастарына патриоттық тәрбие беруде өлшеусіз үлес қосып отыр. ҚХА-ның мәдени бірлестіктері мен ғылыми-сараптамалық кеңесі қоғамдық өзара байланыс саласында сапалы сараптамамен қамтамасыз етіп отыр», - деді Президент жанындағы стратегиялық зерттеу институтының директоры.


Жоғары қарай