Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Зейнетақы жинағын үлескерлік құрылысқа салу мүмкіндігі кеңейтілуі мүмкін

2021 жылдың 12 тамыз 2021 11:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жасқарту үшін пайдалану тәртібінен әкімшілік кедергілер тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің берген мәліметі бойынша, қолданыстағы тәртіп біржолғы зейнетақы төлемдерін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің бірыңғай операторының кепілдігі бар компаниялардың ғана үлестік құрылысына салуға рұқсат етеді. Ал екінші деңгейдегі банк қаржыландыратын жобаға зейнетақы жарналарын пайдалану мүмкін емес.

«Тұрғын үй құрылысын «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңында көзделген ұсынылатын үш тәсілдің бірі бойынша жүргізуге болады: 1) бірыңғай оператордың кепілдігін алу; 2) Екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу; 3) көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту», - деп түсіндіреді агенттік мамандары.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл кедергіні жою үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне нақты ұсыныс беріп отыр.

«Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының бесінші және 14-тармағы арқылы екінші деңгейдегі банктерге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, тұрғын үйдің үлестік құрылысы бағдарламасына қатысуға мүмкіндік беретін түзету енгізу қажет», - делінген агенттіктің ақпаратында.

Бұл проблема 26 наурызда Қостанай облысында өткен талқылауда көтерілген екен. Қазір агенттік ұсынған түзетуді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі пысықтап жатыр. Құзырлы органның талабы бойынша анықталған әкімшілік кедергі 2021 жылдың желтоқсанына дейін жойылуы керек.


Жоғары қарай