Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөнінде нені білу керек

2021 жылдың 28 наурыз 2021 11:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы тиісті заң күшіне еніп, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бөлуге және емделуге ақы төлеуге мүмкіндік берілді. Тағы бір бағыты жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығына қатысты болып отыр.

Зейнетақы жинағын инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға берудің алдында БЖЗҚ салымшысы өзінің жеке жинағындағы қаражаттың қаншалықты жеткілікті екенін тексеруі керек. Ол үшін enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында қарауға болады.

Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:

- салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе

- өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдерінің мәліметінше, зейнетақы жинағының бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға беру үшін «жеткіліктілік шегі» деңгейін ескеру керек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек министрлігінің басшылығы «жеткіліктілік шегіне» қатысты түсінік берген болатын.

Қажеттілік шегін есептеу тәртібі ресми Үкіметтің арнайы қаулысымен бекілетін болады. Бұл тұрғыда оның мөлшері әр жасқа есептелген. «Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлері әйелдер мен ерлер үшін бірыңғай мөлшерде қаралды. «Жеткіліктілік шегі» дегеніміз – ол ертең зейнет жасына жеткенде зейнетақы жинақтау қорынан ең кем дегенде төменгі мөлшерде зейнетақы алуға мүмкіндік беретін сома. Жас азамат зейнет жасына дейін кемінде ең төменгі жалақы алып, соның 10 пайызын аударып отырса, кейін зейнет жасына жеткеннен соң, ең төменгі зейнетақы алуға мүмкіндік беретін «жеткіліктік шегі» қарастырылды


2021 жылдағы зейнетақы жинақтарының «жеткіліктік шегінің» көлемі:




Салымшы өзінің есеп шотында зейнетақы жинағының жеткілікті екенін нақтылағаннан кейін, тиісті соманы инвестициялық портфельді басқарушыға аударту жөнінде БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі керек. Өтініш БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келіп, өтініш білдіргенде берілуі мүмкін.

«БЖЗҚ жеткіліктілік сомасынан асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін салымшыдан өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аударуды жүзеге асырады. Салымшының зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қала береді. Салымшының жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың жалпы есебін БЖЗҚ жүргізеді», - деді БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева редакция сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін ИПБ-ға қойылатын талаптарды бекітеді. Ағымдағы сәтте агенттіктің инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар 18 басқарушы компанияның 6-уы бекітілген талаптарға сәйкес келеді.

Олар:

1) «First Heartland Jysan Invest» АҚ

2) «BCC Invest» АҚ - «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың еншілес ұйымы»

3) «Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тың ЕҰ)

4) «Halyk Finance» Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ» АҚ

5) «First Heartland Capital» АҚ

6) «Сентрас Секьюритиз» АҚ

Белгілі болғанда, қазіргі кезде агенттік тарапынан рұқсат берілген 6 компанияның төртеуі зейнетақы жинақтарын басқару бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен шарт жасасты. Олардың қатарында: Jysan Invest, Halyk Global Markets, BCC INVEST және Сентрас Секьюритиз.

Салымшы осы басқарушы компаниялар ішінен өз таңдауын жасап, «жеткіліктік шегінен» асып түскен өз жинағының бір бөлігін аудара алады.

«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқарғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан аспауы керек. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітетін болады және ол жылына көп дегенде бір рет өзгеруі мүмкін.

Қордың мәліметі бойынша, зейнетақы жинағын инвестициялық портфель ретінде басқаруға рұқсаты бар компаниялардың тізімі, олардың инвестициялық декларациялары мен комиссиялық сыйақы туралы ақпарат enpf.kz сайтының «қызметтер» бөлімінде орналасқан.

Осы арқылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы активтерін басқарушылардың бәсекелестік ортасы қайтарылып отыр. Олар салымшыларға түрлі тәуекелдер мен кірістілік деңгеймен өздерінің инвестициялық стратегиясын ұсынады. Салымшыларда басқарушы компанияны таңдау арқылы өздерінің жинақтарын басқару мүмкіндігі пайда болды.

Айта кетейік, клиентке тиесілі сыйақы бекітілген деңгейде болмайды, яғни инвестициядан келіп түскен пайыз көлемі әртүрлі болуы мүмкін.

С. Егеубаеваның сөзіне қарағанда, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін, инвестициялық портфельді басқарушы қаражатты рұқсат етілген қаржылық тетіктерге инвестициялайды. Басқарушы компания сіздің зейнетақы жинағыңызды орналастырудан қандай сомада инвестициялық кірісті есептегенін көру үшін жеке зейнетақы шотындағы үзінді көшірмеден қарауға болады.

Зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш бергеннен кейін салымшы:

• БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру туралы өтінішті жылына көп дегенде бір рет беруге;

• БЖЗҚ-ға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан ерте емес) өтініш беруге құқылы.

Салымшы зейнет жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.

Айтпақшы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бұл тақырыпқа байланысты депутаттық сауалға жауап бере отырып тиісті түсінік берген еді.

Инвестицияларды әртараптандыруды және ықтимал, кредиттік, нарықтық және валюталық тәуекелдерді барынша азайтуды қамтамасыз ету мақсатында зейнетақы активтерін инвестициялаудың мынадай лимиттері белгіленді:

– бір тұлға және оның үлестес тұлғалары шығарған (берген) қаржы

құралдарына – зейнетақы активтері құнының 10%-нан кем;

– шетел валютасында номинирленген қаржы құралдарына – зейнетақы

активтері құнының 50%-нан кем;

– бір шығарылымдағы борыштық бағалы қағаздарға – осы шығарылымның

орналастырылған бағалы қағаздарының жалпы санының 50%-нан кем;

– ҚР эмитенттерінің акцияларына – эмитенттің дауыс беретін

акцияларының жалпы санының 10%-нан кем.

«Жеке басқаруға берілген зейнетақы активтерінің болжамды кірістілігінің

деңгейі зейнетақы активтерінің құрамындағы қаржы құралдарының тізбесіне ғана емес, сондай-ақ басқарушы компания таңдаған зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясына және басқарушы компанияның нарықтағы белсенділігіне де байланысты болады», - деді М. Әбілқасымова.

Оның айтуынша, Агенттік тиісті заңнаманы іске асыру аясында жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруы үшін қажетті нормативтік-құқықтық база қамтамасыз етілді.

«Атап айтқанда, «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің тиісті жобалары ашық деректердің интернет порталында жарияланды, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. Жобалар бойынша «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінен және «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасынан сараптамалық қорытындылар алынды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілді. Барлық мүдделі тұлғалармен келісім бойынша іс-шаралар өткізілгеннен кейін және сараптамалық қорытындылар алынғаннан кейін, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімде Агенттік Басқармасы 2021 жылғы 9-17 ақпан аралығында азаматтардың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке сенімгерлік басқаруға беру мәселелерін реттейтін 10 қаулыны бекітті», - деді Мәдина Әбілқасымова.


Жоғары қарай