Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Зейнеткерді құтқарам деп күйіп қалған жігітке Ақтөбе тұрғыны пәтер сыйлады

2020 жылдың 23 ақпан 2020 16:15

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Артем Головня қазір Нұр - Сұлтан қаласында ем қабылдап жатыр. Ерлік жасаған жігітке ақтөбелік пәтер сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Артем Головня өрт болып жатқан жерден зейнеткерді аман алып шыққан болатын. Осы оқиға кезінде оның өзі де қатты зардап шегіп, бірнеше ай бойы ауруханада ем қабылдады. Кейін ота жасау үшін елордаға жіберілді.

«Артем үшін берілген пәтер қазір менің атыма жазылып жатыр. Себебі балам Нұр - Сұлтан қаласында ем қабылдауда. Қозғалуға мүмкіндігі жоқ. Сәл қимылдаса жарақаты қанап, мазасы кетеді. Оған Ақтөбеде екі рет ота жасалды. Бірақ нәтиже мардымсыз. Көмек сұрап жан-жаққа барғаныммен бәрі күту қажет екенін ескертті. Содан бұл хабар әлеуметтік желі, волонтерлер арқылы кең тарап, Артемді елордаға алып кетті. Қазір жағдайы бірқалыпты. Тек аман-есен ортаға оралғанын күтіп отырмыз», - деді анасы Галина Головня.

Нұр-Сұлтан қаласында оған бірнеше ота жасалатын болыды. Алдымен аяғына жаңа тері салынады. Кейін арқасындағы жара орны емделеді. Артем төсекке таңылған.

«Балам елордадағы күтімнің жақсы екенін айтып, көңілі жайланды. Біз амандығын тілейміз. Ал жаңа пәтерге келесі айда кіреміз. Бізге баспана ішіне жөндеу жасап бермек. Алғысымыз шексіз. Алғашында сенбедім, қазір құжаттары дайындалуда», - деді Г. Головня.

Айта кетейік, Артемге ақтөбелік кәсіпкер Кералайн Сердалина көмек көрсетті. «Халық прайс» компаниясының жетекшісі ерлік жасағандардың еңбегі еленуі керек деп есептейді.


Жоғары қарай