Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жағдай қиындаса, электр қуатын тұрғындарға емес, майнерлерге беруді тоқтатамыз - министрлік

2021 жылдың 12 қараша 2021 12:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында электр энергиясының тапшылығына жол бермеу мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед қыс басталмай жатып елімізде электр энергиясындағы тапшылық сезіле бастағанын айтты.

«Осы орайда әлеуметтік нысандардың тоқтаусыз жұмыс істеуі, яғни ауруханалар мен мектептердің жұмысы электр энергиясының үздіксіз берілуіне байланысты. Екіншіден, ведомствоның кейбір түсіндірмелерінде түрлі электр желілеріне қосылып алған «сұр» майнерлер қуатты өте көп мөлшерде пайдаланып жатыр деген уәж айттыңыздар. Осы қаншалықты шындыққа сәйкес келеді және алдағы уақытта энергия тапшылығы өршіп кетпей ме?», - деп сұрады М. Құл-Мұхаммед.

Өз кезегінде ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов майнерлерге қатысты шынымен де проблама бар екенін айтты.

«Атап айтқанда, Жамбыл облысындағы жағдайға тоқталсақ, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті KEGOC компаниясымен бірлесе ревизия жүргізді. Осы орайда Жамбыл облысы бойынша «сұр» майнингтің 12 нысаны және Павлодар облысында осындай бір нысан анықталды», - деді вице-министр.

Ә. Мағауовтың айтуынша, қадағалау іс-шараларының нәтижесінде барлық 13 нысанның жұмысы тоқтатылды.

«Сонымен қатар KEGOC электр энергиясына сұраныс артқан кезде тұрғындарды емес, майнинг компанияларды желіден ажырату қадамдарын жүргізеді. Яғни осы нысандар бойынша электр энергиясын пайдалану жүктемесі ескеріледі. Біздіңше, осы іс-шаралар қыстағы жылу беру маусымын тоқтаусыз өткізуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Жақында Мемлекет басшысына цифрлық майнинг саласын бақылау үшін қабылданып жатқан шаралар таныстырылды.

Бұл өз қызметін тіркеусіз атқаратын субъектілерге қатысты. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев «сұр» майнерлер шамамен 1200 МВт-қа дейін электр энергиясын тұтынатынын және оларды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Еске сала кетейік, биыл 5 қарашада ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жөребеков аталған мәселені түсіндірген еді.

«Заңсыз жұмыс істейтін майнингтік ұйымдардың мәселесін қолға алу керек. Электр энергиясын ауқымды көлемде пайдаланатын солар», - деді ол.

Сонымен қатар жақында Дата орталықтар мен технологиялардың блокчейн және индустрия қауымдастығының төрағасы Алан Доржиев «сұр» майнерлермен күресу қажет екенін айтты.



Жоғары қарай