Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жалақының аздығынан тіл оқытатын маман таппай қаламыз – басқарма басшысы

2021 жылдың 17 қараша 2021 22:30

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Тіл орталығында кадрлар жалақының аздығынан тұрақтамайды. Салдарынан тілдерді үйрететін маман тапшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығы жалақыға келіп тіреледі. Мәселен, біздің Тіл орталығында қазақ, орыс, ағылшын тілін үйрететін мұғалімдер 56-60 мың теңге көлемінде ғана жалақы алады. Оларға мектеп мұғалімдеріне сияқты қосымша сағаттар қарастырылмаған. Алатын сол бір ғана айлықтары. Осы себепті бізге кадр тұрақтамайды», - деді Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек.

Басқарма басшысының сөзінше, қазір облыста тілдерді үйрететін 72 маман бар.

«Алматы облысында заманауи үлгідегі материалдық-техникалық базамен қамтамамыз етілген «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Оның 19-ы аудандық және қалалық, барлығы 20 оқыту орталығы бар. Бірақ жалақының аздығы салдарынан тіл оқытатын маман таппай қаламыз. Негізінде, Тіл орталығындағы жалақы мәселесі тек Алматы облысында ғана емес, өзге облыстарға да тән мәселе. Сондықтан бұл түйіткіл, жоғары жақта қаралуы тиіс», - деді Болат Керімбек.

Айта кетейік, бүгін Алматы облыстық мәслихатының «дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері» және «индустриялық-инновациялық, көлік-логистикалық даму, шағын және орта бизнесті, туризм мен спортты қолдау мәселелері бойынша» комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Басқосуда басқарма басшылары 10 айда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Тіл мәселесін қарайтын арнайы комиссия қаулы бекітіп, облыстық Тілдерді дамыту басқармасына кадр тұрақсыздығы мәселесін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды келер жылдың 1 сәуіріне дейін тапсыруды жүктеді.








Жоғары қарай